Түркия футболдан түркі елдері арасында жеке турнир өткізуді ұсынды
Түркия түркі елдерінің қатысуымен жаңа халықаралық футбол турнирін ұйымдастыруды ұсынып отыр. «Түркі кубогы» аталатын жарысты екі жылда бір рет өткізу жоспарланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жобаның мақсаты не
Cronos Asia мәліметінше, аталған бастаманы Түркияның Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыс бағытына жетекшілік ететін Күршад Зорлу көтерді.
Ол осындай ала доп бәсекесін ұйымдастыру туралы ұсынысты Түркияның Коджаэли қаласында өткен түркі әлемі жастарының кездесуінде мәлімдеді. Зорлудың сөзінше, «Түркі кубогын» өткізу мәселесін Түркия футбол федерациясы мен елдің Жастар, сондай-ақ спорт министрлігі бірлесіп әзірлеуі тиіс. Жалпы бұған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және елдің құрамасы қатысуы мүмкін.
Жобаның мақсаты сол, түркі мемлекеттері арасындағы спорттық байланысты нығайтып, жас таланттарды анықтау. Турнирдің нақты қашан басталып, оған қай елдердің қатысатыны әзірге белгісіз. Қандай форматта өтетіні де нақтыланбады.
Түрік клубтарына ауысқандар легионер саналмауы мүмкін
Күршад Зорлу түркі мемлекеттерінен келген футболшыларға қатысты ережені өзгерту бастамасын да көтерді.
Сөзінше, бұл мәселе Түркия футбол федерациясының басшылығымен талқыланған. Ұсынысқа сәйкес Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да түркі елдерінің ойыншылары шетелдік футболшылар санатынан шығарылып, арнайы мәртебеге ие болуы мүмкін.
Егер қазақстандық футболшылар қазір Түркия клубтарына ауысса, легионер болып есептеледі және шетелдік ойыншыларға арналған орындардың бірін алады.
Жаңа ереже қабылданып жатса, Қазақстан футболшылары Түркия чемпионатында легионерлерге қойылатын жеңілдетілген талаптармен өнер көрсетуі ықтимал. Дегенмен Түркия футбол федерациясы әзірге ресми шешім қабылдамады.