Қазақстандықтар ай сайын электр энергиясы үшін ақы төлейді. Бірақ сол ақшаның нақты қайда жұмсалатынын көпшілік біле бермейді. Көпшілік электр тарифінің негізгі бөлігі электр станцияларына түседі деп ойлағанымен, іс жүзінде тұтынушы төлейтін ақшаның едәуір бөлігі электрді жеткізу мен сату жүйесін қаржыландыруға кетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, халық төлейтін электр тарифінің орта есеппен 61%-ы электр энергиясын сатып алуға және қуат дайындығы қызметіне, 35%-ы электр энергиясын тасымалдауға, ал қалған 4%-ы энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемесіне тиесілі.

Яғни тұтынушы электр энергиясы үшін 100 теңге төлесе, оның:
- 61 теңгесі – электр энергиясын өндіруге және электр станцияларының қуат дайындығына;
- 35 теңгесі – электрді ұлттық және өңірлік желілер арқылы жеткізуге;
- 4 теңгесі – энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметіне жұмсалады.
Басқаша айтқанда, электр үшін төленген әрбір 100 теңгенің тек 61 теңгесі ғана электр энергиясының өзіне кетсе, қалған 39 теңге оны тұтынушыға қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізуге арналған инфрақұрылымды ұстап тұруға бағытталады.
Электрді жеткізуге жұмсалатын 35 теңгенің де өзіндік құрылымы бар.
Оның 8,75 теңгесі инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыруға бағытталады. Бұл қаражат жаңа қосалқы станциялар салуға, жоғары кернеулі желілерді жаңғыртуға, трансформаторлар мен басқа да тозған жабдықтарды ауыстыруға жұмсалады. Соңғы жылдары энергетика инфрақұрылымының тозуы өткір мәселеге айналғандықтан, тариф құрамындағы инвестициялық үлес біртіндеп өсіп келеді.
Тағы 7,70 теңге энергетика саласында жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысына жұмсалады. Бұл – диспетчерлердің, электр желілерін жөндейтін авариялық бригадалардың, инженерлердің және электрмен жабдықтау жүйесінің тәулік бойы үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін мыңдаған қызметкердің жалақысы.
Шамамен 6,30 теңге технологиялық қажеттіліктерге кетеді. Оның құрамына электр энергиясын тасымалдау кезінде желілерде болатын технологиялық шығындар, сондай-ақ өндірістік процестерге жұмсалатын электр энергиясы кіреді.
Ал ең үлкен бөлік – 12,25 теңге – басқа шығындарға тиесілі. Бұған жабдықтарды жөндеу, материал сатып алу, байланыс қызметтері, әкімшілік шығындар және электр желілерінің күнделікті жұмысын қамтамасыз етуге қажет өзге де өндірістік шығыстар кіреді.
Электр энергиясын жеткізу жүйесінде ұлттық оператор KEGOC негізгі рөл атқарады. Компания магистральдық электр желілері арқылы энергияны тасымалдап, ұлттық электр жүйесінің тұрақты жұмысын, диспетчерлік басқаруды және өндіріс пен тұтыну арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында KEGOC тарифтері бойынша ұлттық электр желісі арқылы энергия беру қызметі 5,137 теңге/кВт·сағ, ұлттық желіні пайдалану қызметі 2,974 теңге/кВт·сағ, техникалық диспетчерлеу 0,458 теңге/кВт·сағ, ал өндіріс пен тұтынуды теңгерімдеу 0,086 теңге/кВт·сағ болды.
Осылайша, электр тарифі тек электр энергиясының өзін сатып алуға ғана арналмаған. Оның едәуір бөлігі электр энергиясын өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізетін күрделі инфрақұрылымды ұстап тұруға, электр желілерін жаңғыртуға, апаттардың алдын алуға және энергетикалық жүйенің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады. Сондықтан электр үшін төленген әрбір 100 теңгенің шамамен 39 теңгесі жарықтың өзіне емес, оны үйіңізге үздіксіз жеткізіп тұрған жүйенің жұмысына кетеді.