Геосаясат

Трамп Путинмен «үлкен мәміле» жасамақ: Еуропа Украинаның тағдыры үшін алаңдап отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен Украинадағы соғысты ғана емес, Иран төңірегіндегі қақтығыс пен Еуропаның қауіпсіздік мәселелерін де қамтитын ауқымды келісімге келуі мүмкін. Еуропалық шенеуніктер Вашиңтон мен Мәскеудің ықтимал келіссөздері Украина мүддесіне қайшы келуі мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды Tizgin.kz британдық The Telegraph басылымына сілтеме жасап.

Вашингтон мен Мәскеу қандай келісімге келуі мүмкін

The Telegraph мәліметінше, Еуропада АҚШ әкімшілігі Ресеймен бір мезгілде бірнеше геосаяси мәселені шешуге бағытталған келісім әзірлеуі мүмкін деген қауіп күшейген. Басылымның дереккөздері Вашингтон Мәскеумен Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылап қана қоймай, Кремльдің Тегеранға ықпалын Иран төңірегіндегі қақтығысты реттеу үшін пайдалануға тырысуы мүмкін екенін айтады. Мұндай келісімнің тағы бір мақсаты – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру.

Еуропалық шенеуніктердің алаңдаушылығы Трамптың Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен жуырдағы кездесуінен кейін күшейген. Кездесуден соң АҚШ президенті ықтимал келісімнің ауқымы Украина мәселесімен шектелмейтінін мәлімдеген.

«Бұл тек Украинаға қатысты емес, ауқымды келісім болады. Ол бүкіл Еуропаны қамтуы мүмкін», – деген Трамп.

Осы мәлімдемеден кейін Еуропа астаналарында Вашингтон мен Мәскеу құрлықтың болашақ қауіпсіздік жүйесін Киев пен еуропалық одақтастардың толыққанды қатысуынсыз талқылауы мүмкін деген күдік туындаған.

Еуропа Украинаны құрбан етуге қарсы

The Telegraph сұхбаттасқан дереккөздердің пікірінше, басты қауіп – АҚШ-тың Ресеймен кең ауқымды геосаяси келісімге қол жеткізу үшін Еуропаны Украина мәселесінде Мәскеуге тиімді шарттарға көндіруге тырысуы. Мұндай сценарий жүзеге асқан жағдайда Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келісім Еуропаның қауіпсіздік архитектурасына да әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, Ресейдің құрлықтағы ықпалы, Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері және еуропалық мемлекеттердің болашақтағы рөлі маңызды мәселеге айналмақ.

Дегенмен басылым дереккөздері Ұлыбритания, Германия және Франция мұндай келісімге қарсы тұруға дайын екенін жеткізген. Аталған үш мемлекет Украинаға қолайсыз бейбіт келісім шарттарын қабылдатуға бағытталған ықтимал қысымға қарсылық білдіруі мүмкін. Олардың қолдауынсыз Вашингтонның Киевті өзіне тиімсіз талаптарға көндіруі айтарлықтай қиындайды.

Back to top button