ЕрекшеЖаңалықтар

Трамп командасы Қазақстандағы вольфрам кенішін иеленуге ниетті

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі америкалық Cove Capital компаниясына Қазақстандағы әлемдегі ең ірі барланбаған вольфрам кендерінің біріне қол жеткізу мүмкіндігін беру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Bloomberg ақпаратынша, бұл металл Пентагон тарапынан оқ‑дәрі, снарядтар мен басқа да әскери техникалар өндірісінде пайдаланылады. Сондықтан оның қорына қол жеткізу АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие.

Осы жағдайдан хабардар адамдардың айтуынша, АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник Орталық Азиядағы бұл металдың екі ірі кен орнын игеру жөніндегі өтінімге қатысты Cove Kaz Capital Group LLC мен «Самұрық-Қазына» арасындағы келіссөздерге қолдау көрсеткен.

Бұл бастама АҚШ-тың Қытайға тәуелділіктен арылып, сирек жер элементтері мен стратегиялық маңызды пайдалы қазбаларды өзге елдерден жеткізу саясаты аясында жүзеге асырылып отыр.

Bloomberg дерегінше, Қазақстандағы бұл жобаны АҚШ-тың Халықаралық даму қаржыландыру корпорациясы мен Экспорт-импорт банкі сияқты мемлекеттік қаржылық құрылымдар қолдауы мүмкін. Бұл агенттіктер, әдетте, АҚШ-тан тыс жерде жүзеге асырылатын жеке сектор жобаларын қаржыландыру үшін құрылған.

Келісімнің нақты шарттары әлі бекітілмеген. Дегенмен, Bloomberg-ке пікір білдірген дереккөздердің айтуынша, АҚШ тарапы бұл мәмілені жүзеге асыру үшін несие беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда Трамп әкімшілігі жобадан үлес сатып алуға ұмтылып отырған жоқ.

Bloomberg-тің хабарлауынша, Cove Kaz Capital бірнеше айдан бері «Самұрық-Қазынамен» келіссөз жүргізіп келеді, алайда бұл бәсекелі процесс. Кемінде бір мемлекеттік қолдауға ие қытайлық компания кен орнын иеленуге ниетті, әрі нарықтық бағадан жоғары ұсыныс жасап отыр. Осыған байланысты америкалық компания АҚШ үкіметінің қолдауына зәру, өйткені жобаны аяқтауға қажетті инвестиция көлемі жоғары.

Ақ үй, АҚШ Сауда министрлігі және «Самұрық-Қазынаны» өкілдік ететін лоббистік компания бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан. Cove Kaz Capital те пікір білдіруге құлшынбады.

Bloomberg бұл жағдайды АҚШ әкімшілігінің дәстүрлі емес тетіктер арқылы ұлттық қауіпсіздікке стратегиялық маңызы бар активтерге қол жеткізуге ұмтылысы деп бағалайды. Бұл жолы АҚШ пен Қытай бұрынғы кеңестік республика аумағындағы бір кен орнын иелену үшін тікелей бәсекеге түсіп отыр, бұл өте сирек кездесетін жағдай.

Дереккөздерге сүйенсек, Қазақстандағы вольфрам қоры миллиардтаған доллармен бағаланады. «Самұрық-Қазынаның» ресми сайтында аталған екі ірі кен орны – Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар – елді вольфрам нарығындағы жетекші ойыншылардың біріне айналдыруға қабілетті екені айтылған.

Қор бұл нысандарды әлемдегі ең тартымды, әлі игерілмеген вольфрам ресурстарының бірі ретінде қарастырып, бірнеше компаниядан өтінім қабылдап жатыр. Келіссөздер аясында Cove Kaz Capital мен «Самұрық-Қазына» арасында бірлескен кәсіпорын құру қарастырылуда. Бұл құрылым кен орнын игеріп, Қазақстанда өндіріс пен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытады, ал алынған шикізат АҚШ-қа экспортталып, қорғаныс және коммерциялық мақсатта пайдаланылады. Қазақстан жоба бойынша табыс үлесіне ие болады, бірақ бақылаушы пакет америкалық компанияға тиесілі болады.

Осы жылдың басында Cove Kaz Capital Қазақстанның ұлттық геологиялық барлау компаниясы – «Қазгеологиямен» сирек жер элементтерін өндіру жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын құрғанын жариялады.

Қазақстанда вольфрам қоры 2 миллион тоннадан асады, ал жаңа кеніштер 30-40 жылға дейін жұмыс істей алады. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, қазір әлемдік вольфрам концентраты өндірісінің 80%-ы Қытайға тиесілі.

Пентагонның Қорғаныстық жабдықтау агенттігі вольфрамды ерекше маңызға ие материалдар тізіміне енгізсе, АҚШ Геологиялық қызметі оны елдің ішкі жалпы өніміне ықпал ететін стратегиялық шикізат деп таныған.

Back to top button