Тоқаев Сәденовке елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Министр елдегі криминогендік ахуал мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың нәтижелерін баяндады. Кездесу қорытындысында Президент құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді, деп хабарлады Ақорда.
Қылмыс саны 15 пайызға азайған
Ержан Сәденовтің мәліметінше, биылғы тоғыз айда елдегі қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайған.
Аса ауыр қылмыстар, қоғамдық орындар мен көшелердегі, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар кеміген. Кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасындағы құқық бұзушылықтар да азайған.
Бұған қоса, өткен жылдары жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылған. Министрдің айтуынша, криминалистиканың заманауи құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Сәденов құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтар да белсенді атсалысып жатқанын жеткізді. Жыл басынан бері тұрғындар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер берген ақпарат негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.
Шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іздеуде жүрген 1039 адам табылып, сырт елдерде бой тасалаған 154 адам ұсталған. Ал шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 адам құрықталған.
49 миллиард теңге қайтарылып, алаяқтық қоңыраулар бұғатталған
Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 22,5 пайызға көп.
Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Министрдің мәліметінше, мұндай қылмыстардың саны 21 пайызға азайған. Олардың жолын кесу үшін 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.
Кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық тетіктері де сөз болды. Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Цифрлық шешімдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қолданылып жатыр. Министрдің айтуынша, осы шаралар профилактикалық жұмысты күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының санын 5 пайызға азайтуға мүмкіндік берген. Жол апаттарынан қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға төмендеген.
Мемлекет басшысы министрге елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.