$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Тоқаев «масқара» деп сынаса да «ҚазАвтоЖолда» ешкім жауапкершілікке тартылмаған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол мәселесін көтеріп, қазіргі ахуалды “масқараға” теңесе де, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында жол мәселесіне байланысты әзірге ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Нақты кім жауапкершілікке тартылды

Tizgin.kz тілшісі «ҚазАвтоЖол» басшысынан «Президенттің қатаң сынынан кейін жол саласына жауапты тұлғалардың біріне шара қолданылды ма?» деп сұрады. Иманашевтың айтуынша, ұлттық компанияның құзыретінде шамамен 25 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолы бар. Компания Президент тапсырмасынан кейін жолдардың жағдайын бақылауды күшейтпек.

«Ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ»

«25 мың шақырым «ҚазАвтоЖол» құзыретінде. Сол себепті біз арнайы комиссия құрып, жұмыс істеп жатырмыз. 25 мың шақырым бойынша Президент тапсырмасына орай қадағалау мәселесін күшейтеміз. Нақты біздің компания арқылы ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ», – деп жауап берді Дархан Иманашев.

Компанияның ресми жоспары бойынша, 2026 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 9 мың шақырымында түрлі жұмыстар жүргізіледі. Қосымша 3400 шақырым күрделі реконструкциялау жұмыстарымен жұмылдырылған.

19 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге қала ішіндегі және елді мекендерден тыс жолдардың сапасына баса назар аударуды тапсырған еді. Мемлекет басшысы жол мәселесін елдің «ең осал тұсы» деп атап, мәселені шеше алмаған немесе шешуге құлық танытпағандарға қатысты заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.

Ал бүгін премьер-министр Олжас Бектенов Дархан Иманашевке «жағдай түзелмесе, ол іспен басқалар айналысады» деп ескерту жасаған еді.

Back to top button