Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыратын шаралар туралы жарлыққа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыратын шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖАРЛЫҚТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН
Ақорда сайтында жарияланған жарлыққа сәйкес, жаңа Конституция мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында жарияланады.
Ескі Конституция Президент архивіне сақтауға тапсырылады. Ал Конституцияның түпнұсқасы Қазақстан президентінде сақталады.

“Орталық сайлау комиссиясы Конституция мәтінін Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Әділет министрлігіне жіберілсін. Президенттің заң шығару бастамасымен Мәжілісінің қарауына «Президент туралы» конституциялық заң жобасы мен «Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобасы енгізілілсін. Президентінің әкімшілігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықтың 5-тармағында көзделген заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеп, президент қарауына енгізсін”, – делінген жарлықта.
Сонымен қатар, Үкіметінің заң шығару бастамасымен Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заң жобасы енгізіледі.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ
17 наурызда Жаңа Конституция бойынша өткізілген республикалық референдумның дауыс беру қорытындылары жарияланды.
Орталық референдум комиссиясы дауыс беру нәтижелері туралы хабарлады:
- референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 12 482 613;
дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 127 192 немесе 73,12 пайызы; - референдумға шығарылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 7 954 667 немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы;
- референдумға шығарылған мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 898 099;
жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны – 146 558.
Осылайша, Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция қабылданды деп айтуға болатынын жария етті.