$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарҚоғамТергеу

Тойда «әншілер – шайтанның азаншысы» деген тұрғынның ісі сотқа жолданды

Түркістан облысында 66 жастағы тұрғынның тойда әйелдер мен әншілерді кемсітіп сөйлеген видеосы әлеуметтік желіде тарап, көптің наразылығын тудырған еді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Тергеу қалай жалғасты

Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми сауалға берген жауабында сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны жазылды. Аталған департаменттегі тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаевтің сөзінше, Қанаев К.-ға қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу басталған сәттен аяқталғанша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша тергелді.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы өзгертілген жоқ және қосымша баппен толықтырылмады, – деді ол.

Сот сараптамасы тағайындалды

Күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпас шара қолданылған. Мерзімі ұзартылмаған. Ведомство ақпаратынша, қылмыстық іс бойынша кешенді сот саясаттану, дінтану және психологиялық-филологиялық сараптамасы тағайындалып, аяқталды.

– 2026 жылғы 26 тамызда қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 190-бабында көзделген тәртіпке сәйкес сотқа жолданды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері ҚР ҚПК-нің 201-бабы талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды, – деді Сейділдаев.

Қандай жаза қарастырылған

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана жария әрекеттер үшін 2 мыңнан 7 мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу көзделген. Сондай-ақ осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылды.

Биылғы 1 АЕК мөлшері – 4 325 теңге деп бекітілген. Осылайша, айыппұл көлемі 8 млн 650 мың теңгеден 30 млн 275 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Сотталушы кінәлі деп танылса, қандай жаза тағайындалатынын сот шешеді.

Қоғам арасындағы наразылық

Бұған дейін «Тойда музыканы тыйып, еркек пен ұрғашыны бөлек отырғызу керек. Әнші – шайтанның азаншысы» деген той қонағының пікірі қоғамның наразылығын тудырған болатын.

«Әншілер – шайтанның азаншысы»

«Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық, бірақ екі нәрсе бар, құрметі тамада! Біріншісі, мына музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Бұл – шариғатқа түк сай келмейді. Екіншісі, еркектер мен ұрғашылар бірігіп отыруға болмайды. Тамада, сенің құлағыңа алтын сырға: Алланың алдына барғанда бәрібір жауап береміз. Мына әншілер маған ренжімесін, оларды «шайтанның азаншысы» деп атайды», – деді тойдың қонағы.

ІІМ не дейді

Кейінірек Ішкі істер министрлігі осы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

“Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазақстан Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етеді. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді. ІІМ сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтеді. Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.

Аталған азаматтың үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғалған.

Back to top button