TOP-2Жаңалықтар

«Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы» деген кісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Ішкі істер министрлігі той үстінде “музыканы тыйып, еркек пен ұрғашыны бөлек отырғызу керек” деген түркістандық азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

ІІМ не дейді

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталған.

“Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазақстан Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етеді. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді. ІІМ сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтеді. Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.

Аталған азаматтың үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғалған.

Әңгіме не жайлы

Еске салсақ, әлеуметтік желіде «Тойда музыканы тыйып, еркек пен ұрғашыны бөлек отырғызу керек. Әнші – шайтанның азаншысы» деген той қонағының пікірі қоғамның наразылығын тудырды.

«Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық, бірақ екі нәрсе бар, құрметі тамада! Біріншісі, мына музыка деген бәледен құтылуымыз керек. Бұл – шариғатқа түк сай келмейді. Екіншісі, еркектер мен ұрғашылар бірігіп отыруға болмайды. Тамада, сенің құлағыңа алтын сырға: Алланың алдына барғанда бәрібір жауап береміз. Мына әншілер маған ренжімесін, оларды «шайтанның азаншысы» деп атайды», – деді тойдың қонағы.

Осыдан кейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда музыканы тыйып, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу керек деп тойда сөйлеген ер адамға қатысты пікір білдіріп, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салды.

Back to top button