
Таяу Шығыстағы соғыстан ең көп пайда көрген елдер — мұнайдан түсетін табыстың артуы есебінен АҚШ, Норвегия, Бразилия, Ресей және Қазақстан болды, деп жазады The New York Times (NYT) басылымы.
Ал Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттер (Оман, Иран, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы, БАӘ және Ирак) экспорттың күрт төмендеуіне байланысты ауыр зардаппен бетпе-бет келген.
Басылымның мәліметінше, Парсы шығанағынан мұнай жеткізудегі негізгі бағыт саналатын Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуы әлемдік мұнай мен жанармай бағасының күрт өсуіне себеп болған.
Осы жағдай аясында АҚШ мұнай, дизель отыны және басқа да энергия ресурстарының экспортын ұлғайтты. NYT бағалауынша, америкалық энергия ресурстарының теңіз арқылы тасымалы жылдық есеппен 145 миллион баррельге артқан, ал қосымша табыс көлемі шамамен 50 миллиард долларды құраған.
New York Times Парсы шығанағы елдеріндегі жағдай біркелкі болмағанын атап өтеді. Сауд Арабиясы мен БАӘ Ормуз бұғазын айналып өтетін құбырлар арқылы экспорт көлемінің төмендеуін ішінара өтей алған. Сауд Арабиясының табысы жеткізілім көлемі 150 миллион баррельден астам қысқарғанына қарамастан, 9,2 миллиард долларға өскен.
NYT дерегінше, ең ауыр зардапты Ирак, Кувейт және Катар тартқан. Бұл елдер Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімге тәуелді әрі балама экспорт бағыттарына ие емес. Басылым Ирактың шығынын шамамен 15 миллиард доллар деп бағалайды.
Басылым өңірдегі көптеген елдер бұғазды айналып өтетін жаңа құбырлар салу мәселесін талқылай бастағанын жазады. Алайда мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін миллиардтаған инвестиция мен бірнеше жыл қажет болады.
Соғыс аясында Парсы шығанағындағы бірқатар өндірушілер мұнай өндірісін қысқартса, кейбір компаниялар форс-мажор жариялаған. Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп Иран елге мұнай мен газға қатысты «өте үлкен сый жасады» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші мемлекет ретінде АҚШ мұнай бағасының өсуінен қомақты пайда таба алады.