TOP-1Сараптама

Тегін тамаққа талас: Өзге елдер мұндай акцияларды қалай реттейді

Ақтауда кәсіпкер жаңа сауда нүктесінің ашылуына орай балаларға 50 балмұздақ пен 30 йогуртты тегін таратқан. Алайда бұл игі бастама айыппұлмен аяқталды. Қала әкімдігі мұндай акциялар жергілікті атқарушы органның келісімімен ғана өткізілуі тиіс екенін айтып, кәсіпкерге 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғанын хабарлады. Әкімдіктің ұстанымына сүйенсек, көпшілік жиналатын мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан алдын ала келісуді қажет етеді. 

Былтыр Шымкентте дүкеннің ашылуына орай тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер әкімшілік қамауға алынса, биыл Өскеменде тегін палау ұсынылған жарнамалық акциядан кейін де ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылды. Соңғы үш оқиға тегін өнім тарату арқылы клиент тартудың заңдық шекарасы қай жерде басталатыны туралы сұрақты қайта күн тәртібіне шығарды. Tizgin.kz бұл мақалада осы мәселеге назар аударып көрді.

Әлемнің өзге елдері мұндай жағдайларды қалай реттейді? Осы сұраққа жауап іздеп, АҚШ, Германия, Жапония, Қытай және басқа елдердің тәжірибесін салыстырдық.

АҚШ: компания ережесін өзгертуге мәжбүр болды

2003 жылы АҚШ-тағы Chick-fil-A мейрамханалар желісі «First 100» акциясын бастады. Компания жаңа мейрамхана ашылған сайын алғашқы жүз келушіге бір жыл бойы тегін тағам алу мүмкіндігін сыйлайтын.
Адамдар жеңілдікке ие болу үшін мейрамхана алдында бірнеше күн бұрын шатыр тігіп, кезекке тұратын болған. Кейбір орындарда жүздеген адам жиналып, автотұрақтар толып, көрші аудандардың тұрғындары шағымдана бастады.

Фото: dynamic-media-cdn.tripadvisor.com

Осының әсерінен Chick-fil-A акцияның шарттарын түбегейлі өзгертті. Компания «кім бірінші келсе, сол алады» қағидатынан бас тартып, алдын ала тіркеу мен кездейсоқ іріктеу жүйесін енгізді. Сондай-ақ бірнеше күн бұрын келіп кезекке тұруға тыйым салынды. Осылайша компания акциядан бас тартпай-ақ, адамдардың жаппай жиналу қаупін азайтудың жолын таңдады.

Ұлыбритания: полиция тегін бургер таратуға көмекктесті

2019 жылы Ұлыбританияның Бристоль қаласында Deliveroo сервисі мен Oowee Burger мейрамханасы жүздеген тегін бургер тарататынын жариялады.

Фото: i2-prod.bristolpost.co.uk/

Алайда акция басталмай жатып мейрамхана алдына жүздеген адам жиналып, кезек бақылаудан шықты. Адамдар бір-бірін итеріп, кейбірі құлап қалған. Жағдайды тұрақтандыру үшін ұйымдастырушылар полиция шақыруа мәжбүр болған. Тәртіп сақшылары кезекті реттеп қана қоймай, бургерлерді таратуға да көмектесті.

Оқиғадан кейін ұйымдастырушыларға айыппұл немесе басқа жаза қолданылған жоқ. Deliveroo ресми түрде кешірім сұрап, келушілер саны мұншалық көп болады деп күтпегенін мәлімдеді.

Аустралия: акция кейінге қалдырылды

2020 жылы Krispy Kreme желісі мерейтой датасында туған азаматтарға тегін донат ұсынатынын хабарлады. Бірақ Сиднейдегі бірнеше дүкеннің алдында ұзын-сонар кезек пайда болып, адамдар карантин бекіткен әлеуметтік арақашықтық талаптарын сақтамады.

Полиция жағдайды бақылауға алып, мұндай акцияның пандемия жағдайында орынсыз екенін мәлімдеді. Компания қоғам сынынан соң жоспарланған келесі акциясын кейінге қалдырып, халық көп жиналатын промо-науқандарды қайта қарауға мәжбүр болды.

Франция: тегін тауық акциясы тәртіпсіздікке ұласты

2025 жылы Парижде жаңа мейрамхананың ашылуына орай алғашқы мың адамға тегін күріш пен қуырылған тауық еті берілетіні жарияланды. Әлеуметтік желідегі жарнамадан кейін акция өтетін жерге шамамен үш мың адам жиналды.

Полиция қауіпсіздік мақсатында акцияны тоқтатуға әрекет жасағанымен, жағдай бақылаудан шығып, тәртіпсіздік басталды. Арнайы жасақ көзден жас ағызатын газ қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзған үш адамды ұстады.

Мейрамхана иелері кейін әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрап, акцияны тоқтатқанын және оны басқа күні қайта өткізетінін хабарлады. Ұйымдастырушылардың өзіне қандай да бір әкімшілік жаза қолданылғаны туралы мәлімет жарияланған жоқ.

Камбоджа: қайырымдылық акциясы қайғылы аяқталды

2025 жылдың қаңтарында Камбоджа астанасы Пномпеньде кәсіпкер әрі миллиардер Сок Конг Қытай Жаңа жылы қарсаңында дәстүрлі қайырымдылық акциясын өткізді. Жиналғандарға ақша мен күріш таратылуы тиіс еді.

Алайда қақпа ашылған сәтте жүздеген адам бір мезетте ішке ұмтылып, адамдар бірін-бірі басып кеткен. Салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы бес адам жарақат алды.

Оқиғадан кейін билік акцияны дереу тоқтатты. Полиция кәсіпкерге қылмыстық немесе әкімшілік жаза қолданылғанын хабарлаған жоқ. Оның орнына Сок Конг қаза болғандардың отбасыларына өтемақы төлеп, жерлеу шығындарын көтерді, ал зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетті.

Жапония: адамдар легін басқа тәсілмен басқарды

Жапонияда да тегін немесе үлкен жеңілдікпен ұсынылған тағам акциялары кейде күтпеген сұраныс тудырады. 2018 жылы Yoshinoya мейрамханалар желісі өткізген акция кезінде көптеген қалада ұзын-сонар кезек пайда болып, drive-through қызметі бар нүктелерде бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі қалыптасты.

Фото: encrypted-tbn0.gstatic.com

Осыдан кейін компания акциядан бас тартқан жоқ, бірақ оны ұйымдастыру тәсілін өзгертті. Келушілердің барлығы бір күнде жиналмауы үшін тегін тағамды бірден берудің орнына кейін пайдалануға болатын арнайы купондар таратыла бастады. Сонымен қатар кейбір мейрамханаларда drive-through қызметі уақытша тоқтатылып, мәзір ықшамдалды және қосымша қызметкерлер тартылды.

Тегін тауар таратуға тыйым қажет пе

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген елде кәсіпкерлерге дүкен немесе мейрамхана ашылған күні келушілерге тегін балмұздақ, кофе не басқа тағам ұсынуға тікелей тыйым салынбаған. Алайда мұндай акциялар көпшілік жиналатын іс-шараға айналған сәттен бастап ұйымдастырушыға қосымша міндеттер жүктеледі. АҚШ, Германия, Жапония және Қытай заңнамасын зерделегенде осыған көз жеткізуге болады.
Аталған төрт елдің ешқайсысында кәсіпкерлерге тегін тағам таратуға тыйым салынбаған. Бірақ мұндай акция қоғамдық іс-шараға айналған сәттен бастап ұйымдастырушыға қосымша міндеттер жүктеледі.
АҚШ-та ұйымдастырушы қоғамдық орында рұқсатсыз уақытша тамақ тарату пунктін ашса немесе денсаулық сақтау талаптарын орындамаса, жергілікті билік іс-шараны тоқтатуға, айыппұл салуға немесе берілген рұқсаттың күшін жоюға құқылы. Жаза мөлшері әр штат пен муниципалитеттің ережесіне қарай өзгереді.

Германияда да кәсіпкер қоғамдық кеңістікті муниципалитеттің рұқсатынсыз коммерциялық мақсатта пайдаланса немесе қауіпсіздік талаптарын бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұған айыппұл салу, заң бұзушылық жойылғанға дейін іс-шараны тоқтату немесе рұқсатты кері қайтарып алу жатады. Айыппұл мөлшерін әр федералдық аймақ пен муниципалитет өз нормативтік актілері арқылы белгілейді.
Жапонияда негізгі бақылауды денсаулық сақтау органдары жүзеге асырады. Егер ұйымдастырушы санитариялық талаптарды сақтамаса немесе рұқсат талап етілетін қызметті келісімсіз жүргізсе, билік қызметті тоқтату туралы нұсқама бере алады. Ал лицензияланатын қызметті рұқсатсыз жүзеге асырған жағдайда айыппұл салу немесе өзге де әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Қытайда жауапкершілік ауқымы кеңірек. Егер қоғамдық іс-шара кезінде азық-түлік қауіпсіздігі талаптары бұзылса немесе ұйымдастырушы өз міндетін орындамаса, бақылаушы органдар айыппұл салуы, қызметті тоқтатуы, лицензияның күшін жоюы мүмкін. Кейбір жағдайларда жауапкершілік тағамды дайындаған кәсіпкерге ғана емес, іс-шараны ұйымдастырушыға да қатар жүктеледі.

Қазақстан заңнамасында да тегін тағам немесе өнім таратуға тікелей тыйым салынбаған. Алайда мұндай акция қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірсе немесе ойын-сауық сипатындағы бұқаралық іс-шара ретінде ұйымдастырылып, белгіленген тәртіп сақталмаса, ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Соңғы тәжірибеде мұндай жағдайларда негізінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-1-бабы («Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзу») және қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») қолданылды.

Түйіндесек, тегін тамаққа немесе сыйлыққа бола акцияға жиналу Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. АҚШ-та адамдар бір жылдық тегін бургер үшін бірнеше күн бұрын кезекке тұрған, Жапонияда жеңілдік акциясы көлік кептелісін туғызған, Ұлыбритания мен Францияда полиция араласуға мәжбүр болған.

Қазақстан бұл мәселеде ерекше жолды таңдаған жоқ. Керісінше, кәсіпкердің маркетингтік бастамасын шектеуге емес, адамдар көп жиналатын іс-шаралардың қауіпсіз ұйымдастырылуына басымдық беріп отыр.

Back to top button