Таза көмірден Smart есептегішке дейін: Қазақстан энергия тиімділігін қалай арттырып жатыр
Visual Capitalist сараптама жобасы Қазақстан экономикасының көлемін 973 млрд долларға бағалап, ең ірі 40 экономиканың қатарына кіргізді. Экономика көлемі артқан сайын энергияға мұқтаждық ұлғаяды. Энергия тиімділігі дейтін ұғымның маңызы осында. Бұл мақалада Tizgin.kz осы мәселеге үңіліп көрді.
Елдің бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі белгіленген қуат 24 524 МВт болса, 2022 жылы 113 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Бұл әлеуетті тиімді ете түссе, Қазақстан артылған қуатты қосымша өндіріс көздеріне, технологияларға бағыттай алады.
Еліміз электр тұтыну көрсеткішін есепке алу құралдарымен 100% қамтылғанымен, индукциялық есептегіштер қысқартуға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан қашықтан дерек алатын цифрлық құралдарға көшу басталып кетті.
2026 жылы Ұлттық жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіруге 1,2 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Қазіргі таңда жалпы құны 482 млрд теңге болатын 206 жоба қаралып, оның 168-і іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, «EnergyTech» және «Smart Turmys» платформалары арқылы деректерді жинау мен талдаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру жоспарланған.
Сарапшы Тегінболат Самұратов энергия тиімділігін арттыру ұзақ күттірмей нәтиже беретін бағыт екенін айтады.

“Бір ғана мысал айтайын. Қазақстан бойынша 96 мектеп пен аурухана жаңғыртылып, 719 гигаватт/сағат энергия үнемделіп, көміртегі шығарындысы 306 мың тоннаға азайды, – дейді маман.
Үкімет газдандыруды да қатар жүргізіп отыр. «Сарыарқа» газ құбырының келесі кезеңдері жоспарланып, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» желісін кеңейту қарастырылған. Бұл солтүстік және орталық өңірлерді газбен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұл шаралар «жасыл экономикаға» көшу саясатымен үндес. Оның аясында энергетика секторындағы шығарындыларды азайту, «таза көмір» технологияларын енгізу қолға алынған. Энергетика саласы елдегі ластаушы заттардың шамамен 39%-ын шығарады. Энергия нысандарын газға көшіру және жаңғырту жұмыстары осы үлесті азайтуға бағытталған. Мысалы, Алматыдағы жылу-электр орталықтарындағы жаңғырту жобалар шаң мен күкірт тотығын толық жойып, азот тотығының көлемін айтарлықтай қысқартады. Кейінгі екі жылда ғана кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған шығындары 3,2 млрд теңгеге жуықтаған.
Қорытып айтсақ, қолға алынған шаралар энергия тұтынуды дәл есептеуге, шығынды азайтуға және инфрақұрылымның сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Бұл экономикадағы энергия сыйымдылығын төмендетіп, елдің тұрақты дамуына ықпал етеді.