«Лыпылдап партияға ұмтылмасаңыздар екен»: белгілі журналист әнші, блогерлерге үндеу жасады
Белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай өз әріптестері мен өнер адамдарын саясатқа жеңіл қарамауға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында алдағы саяси өзгерістер туралы пікір білдіріп, әнші, блогер және медиа саласындағы тұлғалардың партия атынан депутат болуға ұмтылуын сынға алды.
«Парламент тарайды, жаңа Құрылтай құрылады дейді. «Бәрі жақсы болады» деген әңгімені ести беруден жалықпаймыз… Бір өтініш бар. Әнші, журналист, блогер, квншиктер – лыпылдап жүріп, партия атынан “халық қалаулысы” болуға ұмтылмасаңыздар екен», – деді ол.
Журналисттің айтуынша, Парламент – шоу-бизнес немесе медиа алаңы емес, ел тағдыры шешілетін маңызды орын.
«Бұл әдемі сөйлейтін студия немесе сахна емес, ел тағдыры шешілетін жер», – деді Жылқышыбай.
Оның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.