Астанада есірткі ең көп жасырын қойылатын аудандар анықталды
Астанада есірткі жасырын қойылатын орындар жиі тіркелетін аудандар аталды. Бұл туралы елорда мәслихатының тұрақты комиссиясы отырысында айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жиын барысында депутат Бауыржан Смаилов қаладағы «закладчик» мәселесін көтеріп, бұл проблема әсіресе шеткі аудандарда өзекті екенін айтты.
«Бұл мәселені қаланың шалғай аудандарының тұрғындары жиі көтереді. Мысалы, Көктал-1 және Көктал-2», – деді депутат.
Өз кезегінде көліктегі полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Әбікен қала шетіндегі аудандар жүйелі түрде бақылауда екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған аумақтарда апта сайын рейдтер өткізіліп, оған ювеналдық полиция мен учаскелік инспекторлар қатысады. Есірткі тарату қаупі жоғары аудандар ретінде «Лесозавод», «Көктал», «Силикатный» және «Сороковая» аталды. Бұл аумақтарда бейнебақылау жүйесі жеткіліксіз.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары есірткі жасырылатын орындарды анықтап, оларды тұрақты бақылауда ұстап отырғаны айтылды.