Қытай автокөлік экспортына қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр
Қытай келер жылы автокөлік пен мотоцикл экспорттауды жоспарлаған компанияларға қойылатын талаптарды күшейтуге бекініп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өндірушілер нені ескерулері тиіс
Қытайдың Сауда министрлігі тиісті хабарламаны 29 қыркүйек күні жариялаған. Ал 2027 жылға арналған экспорттық лицензияларға өтінім қабылдайтын онлайн жүйе 30 қыркүйекте іске қосылды. Жергілікті сауда органдары құжаттарды бастапқы тексеруден өткізіп, оларды министрлікке 2026 жылғы 28 қазанға дейін жолдауы тиіс.
Көрсетілуі тиіс құжаттар
Жаңа талаптардың ішіндегі ең маңыздысы – шетелдегі сервистік орталықтар жұмысын растау. Компаниялар автокөлікке сатудан кейінгі қызмет көрсететін орталықтармен жасалған келісімшарттарды, олардың біліктілігін растайтын құжаттарды, фотосуреттер мен қызметкерлерінің біліктілігі туралы мәліметтерді ұсынуы керек. Сондай-ақ қосалқы бөлшектерді жеткізу логистикасына қатысты ақпаратты да көрсетулері қажет.
Бірінші санаттағы автокөлік өндірушілері шетелде кемінде 50 осындай сервистік орталығы бар екенін дәлелдеуге міндетті.
Талап тағы кімдерге қойылады
Қайта жабдықталған автокөлік өндірушілеріне де жеке талаптар қойылады. Олар өткен жылғы экспорттық қызметі туралы ақпаратты, экспортталатын модельдер құжаттарын, сертификаттау жөніндегі мәліметтерді ұсынуы тиіс.
Егер арнайы мақсаттағы, патрульдік немесе оқу автомобильдері секілді қайта жабдықталған көліктер экспортқа жеңіл көлік ретінде рәсімделсе, өндіруші бастапқы автокөлік жасаушы компаниядан қосымша растау алуы қажет. Онда шетелдегі техникалық қолдауды қамтамасыз ету, қосалқы бөлшектермен жабдықтау, сондай-ақ сапа мәселелері мен сатудан кейінгі қызмет көрсетуге қатысты мәселелерді шешуге дайын екені көрсетілуі тиіс.
Мәлімет шынайы көрсетілуі тиіс
Бұдан бөлек, қытайлық компаниялар шетел нарықтарындағы баға белгілеу талаптарын сақтап, бәсекелестік артықшылыққа ие болу үшін нарықтың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге міндеттеме алады. Экспорттық лицензия рәсімдеу кезінде автокөлік бағасын қоса алғанда, барлық мәлімет нақты әрі шынайы көрсетілуі тиіс.