TOP-2

Жұмыссыздарға арналған жаңа жүйе іске қосылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс табуы қиын азаматтарға қолдауды күшейтпек, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ведомство мәліметінше, бұл бағытта өңірлердегі мансап орталықтарының жұмысы қайта ұйымдастырылып жатыр. Негізгі назар өз бетінше жұмысқа орналасуы қиын үміткерлерден тұратын басым топқа аударылады.

«Әрбір осындай азаматты жұмыспен қамтуды қатаң бақылау мақсатында министрлік ақпараттық жүйеге жаңа цифрлық құралдарды енгізді. Енді Мансап орталықтары арнайы ақпараттық панель арқылы басым топтағы барлық үміткерді нақты уақыт режимінде аты-жөні бойынша көре алады. Жүйе азаматқа қандай нақты қолдау шаралары ұсынылғанын тексеруге мүмкіндік береді», – делінген ведомство мәліметінде.

Еңбек нарығын талдау нәтижесінде 93,5 мың адамнан тұратын нысаналы топ анықталған. Оның құрамына әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар, жұмыс тәжірибесі жоқ тұлғалар, еңбек өтілінде ұзақ үзілісі бар адамдар, сондай-ақ мектеп және техникалық-кәсіптік білімі бар үміткерлер кірген.

«Мониторинг деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда нысаналы топтағы небәрі 39,8 мың адам ғана жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Осыған байланысты министр өңірлік Мансап орталықтарына нақты міндет жүктеді: әрбір жұмыссыз азаматпен жеке, атаулы шараларды түбегейлі күшейтіп, оны жұмыс орнына орналасқанға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз ету», – делінген хабарламада.

Ал жоғары білімі бар және жақында жұмыс істеген азаматтар тізімнен шығарылып, қолдау ең осал топтарға бағытталады.

 

Back to top button