Тергеу

Ұлытауда ақша алып істі жаппақ болған адвокат сотталды

Ұлытау облысында қылмыстық істі ақшаға тоқтатуға уәде берген адвокат сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлытау облысы прокуратурасының мәліметінше, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты 31 млн теңге көлеміндегі алаяқтық және пара беруге итермелеу дерегі бойынша кінәлі деп танылған.

«Тергеу барысында оның алдау жолымен сенім білдірушіні жаңылыстырып, ұлына қатысты қылмыстық істі тоқтату мәселесін шешу үшін лауазымды тұлғаларға берілетінін айтып, ақшалай сыйақы беруге көндіргені анықталды», – делінген ведомство хабарламасында.

Сот үкімімен ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, 5 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысуға және заң кеңесшісі ретінде жұмыс істеуге тыйым салынды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button