Жаңалықтар

Татарстанға жасалған шабуылдан 13 адам көз жұмды

Ресейдің Татарстан Республикасындағы Нижнекамск қаласына жасалған жаппай дрон шабуылынан 13 адам қаза тауып, 39 адам жараланды. Қаладағы өндірістік кәсіпорындар мен азаматтық нысандарға соққы жасалған, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап.

Татарстан билігі қаралы күн жариялады

Шабуыл 10 тамыз күні таңертең болған. Татарстан билігінің мәліметінше, Нижнекамск қаласына бағытталған дрондар шабуылы кезінде өндірістік және азаматтық нысандар зақымданған.

Соңғы дерек бойынша, шабуыл салдарынан 13 адам қаза тауып, 39 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында бала да бар екені хабарланды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін қалаға қосымша дәрігерлер мен жедел жәрдем бригадалары жіберілген.

Татарстан басшысы Рустам Минниханов қаза тапқандарға байланысты республикада қаралы күн жариялады.

Шабуыл нысанасы мұнай-химия кәсіпорны болуы мүмкін

Astra жобасының ашық деректерге негізделген талдауына сәйкес, дрондардың негізгі нысанасы Еуропадағы ірі мұнай-химия кешендерінің бірі саналатын «Нижнекамскнефтехим» кәсіпорны болуы мүмкін. Зауыт синтетикалық каучук, пластик және этилен өндіреді.

Аталған өнеркәсіптік аймақта «Татнефть» мұнай өңдеу зауыты мен «ТАИФ-НК» мұнай өңдеу кешені де орналасқан. Exilenova+ OSINT жобасы Нижнекамскідегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

Алдын ала ақпарат бойынша, радиоэлектрондық күрес құралдарымен басылған дрондардың бірі жергілікті базар аумағына құлаған болуы мүмкін. Бұл дерек әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Ресей 456 дрон жойылғанын жариялады

Ресей Қорғаныс министрлігі 10 тамызға қараған түні елдің бірқатар өңірі мен аннексияланған Қырым аумағында 456 украиналық дронның жойылғанын хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, ұшқышсыз аппараттар Татарстанмен қатар Брянск, Курск, Калуга, Тула, Белгород, Орел, Воронеж, Ростов, Пенза, Ульяновск, Саратов, Орынбор және Самара облыстарының, сондай-ақ Мәскеу өңірі мен Краснодар өлкесінің аумағында атып түсірілген. Ресей тарапы бұл мәліметтерді растайтын тәуелсіз дәлелдер ұсынған жоқ.

Back to top button