Без рубрики

19 жастағы Әділбек Қожахан әлем чемпионын жеңді

Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында күтпеген нәтиже болды. 19 жастағы Әділбек Қожахан IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы Оразбек Асылқұловты жеңіп, финалға жолдама алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жартылай финалдық жекпе-жекте жас боксшы тәжірибелі қарсыласынан басым түсті.

Алғашқы раундта бес төрешінің үшеуі Қожаханға басымдық берді. Екінші раундта ол қарқынын үдетіп, барлық бес төрешінің қолдауына ие болды. Шешуші үшінші раундта да Әділбек қарсыласынан басым түсті.Нәтижесінде 19 жастағы боксшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, 29 жастағы Оразбек Асылқұлов 2025 жылы IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2026 жылы Азия чемпионы атанған.

Ал Әділбек Қожахан бұған дейін мұндай деңгейдегі ірі халықаралық жетістіктерімен көзге түспеген. Соған қарамастан, жас боксшы ел чемпионатында атақты қарсыласын жеңіп, жарыстың басты сенсацияларының бірін жасады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button