Жаңалықтар

Таксистер енді көлігін жасыра алмайды: жаңа талап күшіне енді

Қазақстанда такси жүргізушілеріне қойылатын талап күшейтілді. Енді олар әкімдіктерге тек қызметін бастағаны туралы емес, қандай көлікпен жолаушы таситыны жөнінде де толық мәлімет беруге міндетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушыларына қатысты хабарлама беру қағидаларына өзгеріс енгізген. Бұған дейінгі жүйеде тасымалдаушы нақты бір көлікке байланыстырылмағандықтан, жол апаты кезінде жауапты тұлғаны анықтау қиын болған.

«Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және шығарылған жылын көрсетуі тиіс. Бұл шара жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне жауапты такси тасымалдаушысын жедел сәйкестендіруге, сондай-ақ нарыққа заңсыз қатысушылардың үлесін қысқартуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жаңа тәртіп автопарк өзгерген жағдайда мәліметті жаңартуға жол ашады. Яғни жүргізушілер көлік ауыстырса немесе жаңа көлік қосса, бұл туралы қайта хабарлай алады.

Айта кетейік, бұған дейін такси жүргізушілері тек қызметін бастағанын хабарлайтын. Ал заңсыз тасымалмен айналысқандар рейд кезінде анықталып, кәсіпкерлік талаптарын бұзғаны үшін айыппұл төлейтін.

Back to top button