1 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігі томотерапияны жоғары технологиялық медициналық қызметтер тізімінен алып тастады. Бұл шешімнің салдарын бүгінде дәрігерлер де, науқастар да ауыр сезініп, дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Томотерапия – сәулемен емдеудің ең дәл әрі қауіпсіз түрі. Әлемде ол балалар мен ересектердегі қатерлі ісік ошақтарын миллиметрлік дәлдікпен нысанаға алуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда дәл осы әдіспен онкологиялық науқастарға емделуден қағылып отыр. Мұның себебі – Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы.
“БІР ШЕШІМ ЖҮЗДЕГЕН АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТТІ”
Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында өткен жиында дәрігерлер мен науқастар министрлік шешімінің салдарын ашық айтты.
«Үміт» халықаралық онкологиялық томотерапия орталығының директоры Ерлан Шаяхметов бұл жағдайдың қаншалықты ауыр екенін нақты мысалдармен жеткізді.

“Қазаннан бастап бізге бөлінетін қаржы тоқтады. Томотерапия КСТ жүйесіне ауыстырылғанымен, жаңа төлем тетігі бекітілмеді. Соның кесірінен 57 науқас, оның ішінде жеті бала, емін аяқтай алмай қалды. 6 қазаннан бастап тегін қызмет көрсетуді тоқтатуға мәжбүр болдық. Онкологиялық аурулардың не екенін білесіздер. Әлемдік тәжірибені қарасақ, онкоауру алғаш анықталған пациенттердің 70% сәуле терапиясына мұқтаж болады. Қазіргі таңда бұл қызметпен Қазақстанда науқастардың тек 35% қамтылған. Бұл көрсеткіш өте төмен, – деді ол.
Шаяхметовтің айтуынша, орталық 2019 жылы жеке инвестиция есебінен ашылған. Америкалық Accuray құрылғысы орнатылып, мамандар АҚШ пен Үндістанда оқыған. Клиника екі рет халықаралық GSI аудитінен өтіп, жоғары стандартқа сай деп танылған.
“Бізге дейін мұндай технология Қазақстанда болмаған. Бұл әдісті Түркияда емдеу құны 50–60 млн теңгеге, АҚШ-та 100 млн теңгеден асады. Ал бізде 3–4 млн теңгеге дейін төмендетілген еді. Бірақ қаржыландырусыз ол мүмкін болмай қалды. Қазір тариф 70 пайызға қысқарып, шығын шығынын жаппай отыр, – дейді орталық басшысы.
«НАУҚАС БАЛАЛАРДЫ ҮЙІНЕ ҚАЙТАРУҒА ТУРА КЕЛЕДІ»
Шетелдік мамандар да бұл жағдайды бейжай қабылдамады. Ресейдің Д. Рогачев атындағы балалар онкологиясы және иммунология орталығының сәулелік терапия бөлімінің жетекшісі Алексей Нечеснюк жиынға қатысып, өз пікірін білдірді.
“Өткір лейкозға шалдыққан балаларды біз кемік майының тұтас жүйесін сәулелендіру арқылы емдейміз. Бұл тек томотерапия көмегімен жүзеге асады. 640 баланың 60 пайызы осы технологияның арқасында аман қалды. Егер Қазақстан бұл әдістен бас тартса, онда ол балалардың өмір сүру мүмкіндігін шектейді. Бұл – медициналық тұрғыда үлкен қадам артқа, – деді ресейлік маман.
Томотерапияны тоқтату шешімінің ауыртпалығын қарапайым азаматтар да сезінуде. Семей қаласынан келген Нұрсұлу Ғалиева жұбайын осы орталықта емдетіп жүргенін айтты.

“Бұл орталықтың ем-домы өзгеше. Күйеуім ауыр дертке шалдыққан кезде бізге ең бастысы – сенім керек болды. Мұнда дәрігерлердің қарым-қатынасы, амбулаториялық емнің қолайлылығы бәрінен жоғары. Химиятерапиядан кейінгі күйзеліс мұнда байқалмайды. Егер мемлекет бұл орталыққа қолдау көрсетпесе, талай отбасының үміті үзіледі, – дейді ол.
Ерлан Шаяхметовтің айтуынша, қазір клиникадағы жағдай күрделі. Мемлекеттік тапсырыссыз жоғары технологиялық қызметті ұстау мүмкін болмай тұр. Бұрынғы тариф 4,35 млн теңге болса, жаңа жүйеде бар болғаны 1,26 млн теңге ғана. Бұл 70 пайызға азайған сома. Мұндай жағдайда медициналық физиктер мен радиологтарды ұстап қалу мүмкін емес. “Егер бұл мамандар кетсе, елдегі радиотерапия саласы ұзақ жылға кейін шегінеді” дейді ол.
“НАУҚАСТЫҢ ӨМІРІН ҚЫСҚАРТҚАНМЕН БІРДЕЙ”
Жиында сөз алған онконауқас, зейнеткер Серік Доскенов көз алдында болған жағдайды еске алды.
“Бір күні емханаға ерте келіп едім, балалардың ем алып жатқанын көрдім. Сол көрініс жүректі ауыртты. Конституцияда әр азаматтың тегін медициналық көмекке құқы бар деп жазылған. Керек десеңіз, ем-дом түгілі дәрігерлерді де таңдап, дұрыстап емдеу керек қой!? Бірақ іс жүзінде бұл құқық енді қағаз жүзінде ғана қалды. Ал онкологияда ем үзілсе – науқасқа өмірін қысқартқанмен бірдей. , – дейді ол.
Ол әйгілі бард Владимир Высоцкийдің «Мен болмасам жарайды, тек біреудің жолы болсын» деген сөзін еске алып “Біз болмасақ та, кейінгі ұрпақ емсіз қалмаса екен” деп алаңдайды.
Дәрігерлер мен қоғам науқастар Денсаулық сақтау министрлігінен томотерапияны жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) тізіміне қайта енгізуді, жеке клиникалардың шығынын ескере отырып ашық тариф жүйесін бекітуді, сондай-ақ 2025 жылдың IV тоқсанына дейін мемлекеттік тапсырысты нақтылауды талап етті. Олар бұл мәселе шешілмесе, ел онкологиясында технологиялық тоқырау, кадр тапшылығы және өлім-жітімнің көбеюі орын алатынын ескертті. “Бұл тек біздің орталықтың тағдыры емес. Бұл – жүздеген науқастың өмірі, мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің сынағы. Біз министрлік үнсіз қалмайды деп сенеміз” дейді Ерлан Шаяхметов.