“Шындықты бәрі білгісі келеді”: Каспийде аман қалған сарбаздың отбасы мәлімдеме жасады
Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметшілердің бірі – Никита Удаловтың отбасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Удаловтың отбасының мәлімдемесі
Никита Удаловтың отбасы қолдау білдіріп жатқан барша жанға алғыс айтты.
“Ең ауыры – бүгінде 14 отбасының жауыңа да тілемейтін қайғыны бастан өткеріп жатқанын сезіну. 14 жігіт қаза тапты. Әрқайсысының ата-анасы, бауырлары, сүйікті жандары мен достары бар еді. Әрқайсысының өз өмірі, алға қойған жоспарлары, үйінде күтіп отырған жақындары болды. Бұл қайғыны жеңілдететін сөз табу мүмкін емес. Баршаңызға белгілі болғандай, Ақтау қаласында болғандардың үшеуі аман қалды. Солардың бірі – біздің Никита. Никита өзін-өзі құтқарып қалды. Қайғылы оқиға кезінде ол жағдайды бағдарлап, жағаға жетіп, аман қалды. Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын, нақты не болғанын білгісі келеді. Бірақ ол әзірге бұл туралы айтуға дайын емес. Осыны түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймыз”, – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірше бір күнде ұмыту мүмкін емес жағдайды бастан Никита басынан өткергенін атап өткен.
“Қазір ол көпшіліктің назарында болғысы келмейді, сұхбат бергісі келмейді, оқиғаның мән-жайын айтуға да дайын емес. Оның осы қалауын құрметтеулеріңізді өтінеміз. Өтінеміз, оның атынан оқиға ойдан шығармаңыздар. Тексерілмеген ақпарат таратпаңыздар. Оның басынан өткергенін сенсацияға айналдырмаңыздар. Адамдардың шындықты білгісі келетінін түсінеміз. Бірақ Никита – ең алдымен адам. Біздің бауырымыз. Біздің жанымызға жақын адам. Біз оның тірі қалғанына шексіз қуаныштымыз. Қазір ең бастысы – оның өз-өзіне келуі. Сондай-ақ біз айырылып қалған 14 жігіттің рухына тағзым ету жұрттың жорамалдары мен сенсация қууының көлеңкесінде қалып қоймаса екен дейміз. Бізге жазған, алаңдаған, дұға еткен, қолдау көрсеткен және жай ғана хабар күткен әрбір жанға рақмет. Үйлеріне оралмаған 14 жігіттің отбасыларына тағы да қайғыларына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамыз”, – делінген мәлімдемеде.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.