TOP-2Жаңалықтар

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушы қанша жылға сотталуы мүмкін

Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушыға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қылмыстық іс қозғалды

Шымкент қалалық полициясының мәліметінше, іс Қылмыстық кодексінің 306-бабының 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсетуге қатысты жауапкершілікті қарастырады.

Ұйымдастырушыға қандай жаза қарастырылған

Заңнамаға сәйкес, аталған қылмыс үшін 5 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу жазасы көзделген.

Ал ең ауыр жаза – бес жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұйымдастырушының кінәсі сот шешімімен анықталады.

Оқиға желісі

Еске салсақ, 10 қазанда Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті өткен. Кіреберісте дүрбелең туындап, адамдар қысылып қалған. Әлеуметтік желіде осы концерттен тараған фото-видеолар көптеп тарай бастады. Желі қолданушылары концертке барамыз деп жараланып қайттық деп жазған, кейбірі жедел жәрдемнің фотосуретін жариялады.

Қайрат Нұртастың концертінде адамдардың қысылып қалғаны туралы ақпаратқа Шымкент қаласының полиция департаменті түсініктеме берді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелді. Сондай-ақ, Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырған жігіт ұсталғанын жаздық.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button