$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
TOP-1Жаңалықтар

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінен соң қылмыстық іс қозғалды

Қайрат Нұртастың концертінде адамдардың қысылып қалғаны туралы ақпаратқа Шымкент қаласының полиция департаменті түсініктеме берді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Адамдардың көптеп жиналуынан концертке келген қыздардың бірі зардап шекті. Ол медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданбақ.

Денсаулық сақтау басқармасы не дейді

Басқарманың мәліметінше, концерт кезінде бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер тексергеннен кейін бір адамнан басқасының бәрі үйіне жіберілді. Жарақат алған 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оның жағдайы мамандардың бақылауында.

Оқиға жайлы

10 қазанда Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті өткен. Кіреберісте дүрбелең туындап, адамдар қысылып қалған. Әлеуметтік желіде осы концерттен тараған фото-видеолар көптеп тарай бастады. Желі қолданушылары концертке барамыз деп жараланып қайттық деп жазған, кейбірі жедел жәрдемнің фотосуретін жариялады. «Адамдар есінен танып қалып жатты» дейді біреуі. Осыдан кейін Freedom Афиша Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концерті жөнінде мәлімдеме жасады.

Back to top button