Ақмола облысында әкесі мен ұлы 77 бас жылқы ұрлады деген күдікпен ұсталды
Ақмола облысында еркін жайылымдағы 77 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен Степногорск қаласының екі тұрғыны – әкесі мен баласы ұсталды. Мал иесіне келтірілген шығын 25 млн 450 мың теңге деп бағаланды. Тергеу барысында 40-тан астам жылқы иесіне қайтарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйеніп.
Жоғалған жылқыларды бірнеше ай іздеген
Полицияға 77 жылқының жоғалғаны туралы арыз биыл мамырда түскен. Мал Ерейментау ауданындағы ауылдардың бірінің аумағында еркін жайылымда жүрген. Мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы жедел топтар құрылған. Облыстық криминалдық полиция басқармасы мен Ерейментау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше ай бойы жедел-іздестіру шараларын жүргізген.
Іздеу барысында полицейлер бұрын осындай қылмыстар үшін сотталған адамдарды тексеріп, ет базарлары мен ұрланған мал сатылуы мүмкін өзге де орындарды назарға алған. Ақыры, Степногорск қаласында тұратын әкесі мен баласы күдікке ілінген.
Жылқыларды қала сыртындағы қораларда ұстаған
Тергеу мәліметінше, күдіктілер биыл көктемде жылқыларды көлік құралдарын пайдаланып, Ерейментау ауданынан Степногорскіге айдап әкеткен. Кейін малды қала сыртындағы қораларда ұстап, біртіндеп сатқан деген күдік бар. Күдіктілер ұсталғаннан кейін 40-тан астам жылқы иесіне қайтарылған. Полицияның хабарлауынша, әкесі мен баласы қазір қамауда отыр. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Облыстық полиция мал иелеріне жануарлардың қараусыз қалмауын қадағалап, жайылымдарды тұрақты тексеріп отыруды ескертті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram