TOP-2Жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайына үкім шықты

Жамбыл облысында Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмоноваға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2025 жылы 27 шілде күні таңертең Алматы – Екатеринбург тасжолының Мойынқұм ауданындағы бөлігінде жол апаты болып, екі адам қаза болған еді. Тергеу мәліметінше, Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеп келе жатып, шаршаған күйде тізгінге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан көлік аударылған. Көлікте болған оның әпкесі мен құрбысы оқиға орнында қаза тапқан. Ал өзі ауруханаға жеткізілген.

Сотта ол кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тарап Рахмонованы қатаң жазаламауды сұрады: қаза болған құрбысының әкесі оны бас бостандығынан айырмауды өтінсе, әпкесінің күйеуі мүлде жаза тағайындамауды сұраған.

ҮКІМ

Сот Рахмонованы кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Алайда жаза орындау 5 жылға кейінге шегерілді. Бұл оның кәмелетке толмаған төрт баласы бар екеніне байланысты. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Шавкаттың әйелімен ажырасқанын жақында БАҚ жарыса жазған еді. Бұл туралы Гүлайым әлеуметтік желіде ақпарат таратты. Оның айтуынша, балалар өзімен қалған, сондай-ақ қазір бесінші баласына жүкті.

Back to top button