Жаңалықтар

Шалқарда экс-әкімді “ақтап шығарамын” деп 4 миллион теңгені иемденген әйел сотталды

Ақтөбе облысында бұрын сотталған экс-әкімді ақтап шығарамын деп уәде берген әйел алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жәбірленушіден 4 миллион теңге алып, уәдесін орындамаған, деп жазады Диапазон.

Экс-әкімнен 4 миллион теңге алған

«Диапазон» басылымының мәліметінше, полицияға бұрын Шалқар қаласының әкімі болған азамат жүгінген. Ол бұған дейін 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілгенін, алайда үкіммен келіспегенін айтқан. Оның сөзінше, туысы өзін заңгер ретінде таныстырған Қаламқас С. есімді әйелді ұсынып, оның ақтау үкіміне қол жеткізуге көмектесе алатынын жеткізген. Экс-әкім әкесімен бірге әйелдің үйіне барған кезде, ол мәселені шешуге уәде беріп, қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған.

Жәбірленуші алдын ала 4 миллион теңге берген. Бір аптадан кейін әйел істің оң шешіліп жатқанын айтып, ақтау үкімі шыққан соң қалған қаражатты төлеуді сұраған. Алайда сот шешімі өзгермей, экс-әкім ақталмаған.

Тергеу барысында тараптар арасында ешқандай келісімшарт жасалмағаны, ақша қолхатсыз берілгені анықталды. Ал айыпталушы бұл қаражатты қарыз ретінде алғанын мәлімдеген.

Пәтер алып береміз деп ондаған миллион теңге алған

Қылмыстық іс барысында Қаламқас С.-ға қатысты тұрғын үйге байланысты өзге де алаяқтық эпизодтары белгілі болды. Бұл жолы ол Ақбота Т. есімді сыбайласымен бірге әрекет еткен.

Тергеу дерегінше, Ақбота Т. азаматтарға «Самұрық-Қазына» арқылы кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына кезекке қоятынын айтып, ақша алған.

Жәбірленушілердің бірі Астанадағы «Эдельвейс» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі бір пәтер мен Highvill тұрғын үй кешенінен үш үш бөлмелі пәтерге кезекке қоямыз деген уәдеге сеніп, алаяқтарға 47 миллион теңге берген. Осыған ұқсас тәсілмен тағы бірнеше адам алданған.

Кейін тұрғын үй уәделерінің орындалмайтынын түсінген азаматтар полицияға шағымданған.

Сот үкімі шықты

Сот Қаламқас С.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол сот залында бірден қамауға алынды.

Оның сыбайласы Ақбота Т. да 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу үш жылға кейінге қалдырылды.

Сот сондай-ақ сотталғандарды жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Back to top button