Семейде 19 жастағы студент қызды көшеде пышақтап өлтіріп кетті
Семейде 19 жастағы студент Дильяра Сәлімбаева көшеде пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды. Оны өлтірді деген күдікпен 24 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Куәгерлер не дейді
Қайғылы оқиға көшеде болған. Куәгерлер алдымен ұрыс-керіс пен қыздың айқайын естігенін, кейін оның жараланған күйі жерде жатқанын көргенін айтады.
«Мен аулада болдым. Ұрыс-керістен шыққан айғай-шуды естідім. Қыз айқайлады. Содан кейін қарасам, қыз жерде жатыр», – дейді куәгер Ирина Лысак.
Оның сөзінше, бойжеткенге жүрек массажы жасалған. Тағы бір куәгер Азамат Құжыкеновтен оқиға маңындағы жігіт көмек сұраған.
«Сосын бір бала жүгіріп келді де, менен көмек сұрады. Шықсам, пышақталған бір қыз жатыр. Сосын жедел жәрдем, полиция келді, бізді үйге қайтарып жіберді», – дейді ол.
Телеарна мәліметінше, оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жеткен. Алайда бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған Дильяраны аман алып қалу мүмкін болмаған.
КТК сюжетінде күдіктінің марқұмның бұрынғы жігіті екені айтылады. Ал полиция әзірге екеуінің таныс болғанын ғана хабарлады.
Үздік оқыған студенттің қазасы тергеліп жатыр
Дильяра жергілікті колледждің үшінші курсында жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алған. Ұстаздары оны тәрбиелі, сабағын үздік оқыған студент ретінде еске алды. Бойжеткеннің фотосы оқу орнының мақтаныш тақтасында ілулі тұр. Қайғылы оқиға болған күні таңертең ол сабаққа қатысқан.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Смайылованың айтуынша, Дильяра нағашы апасының қолында тұрған. Қаралы хабардан кейін ата-анасы Көкпектіден келген. Оқу орнының әкімшілігі отбасына барып, көңіл айтқан.
Полиция күдіктінің ұсталғанын растады.
«Күдікті анықталып, жедел түрде ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм таныс болған», – деді Семей қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Аққалиев.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталмақ. Телеарнаның хабарлауынша, Дильяра Көкпекті ауданында жерленеді.