Жаңалықтар

Үй немесе көлікті сатқан ақшаның табысын қалай арттыруға болады

Үйін немесе көлігін сатқан әр қазақстандық түскен ақшаны не істеуге болады деген сауал қояды. Оны сенімді жерде сақтаған дұрыс па, әлде түбі табыс әкелетін бағытқа жіберейін бе деп кейде бас қатырып жатады, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Инфляцияны ескеру қажет

Қолда қомақты сома пайда болғанда оны дұрыс басқару қажет. Инфляция жағдайында ақшаны тек сақтап қою оның құнын төмендетуі мүмкін. Сол себепті, көптеген азамат капиталды жоғалтпай, керісінше көбейту жолын іздейді.

Тәуекел еткісі келмейтіндер үшін банк салымы ең түсінікті әрі қолжетімді құралдардың бірі болып қала береді. Депозит арқылы азаматтар ақшасын сақтап қана қоймай, алдын ала белгілі бір мөлшерде табыс таба алады.

Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі теңгелік депозиттер тартымдылығын арттырып отыр. Қаржы реттеушісі мәліметінше, өткен жылдың соңында жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді салымдарының орташа кірістілігі жылына шамамен 14-15 пайызды құраған.

Депозиттің негізгі артықшылықтары неде

  • қаржылық тәуекелдің төмен болуы;
  • табыстың алдын ала белгілі болуы;
  • қаражатты әртүрлі мерзімге орналастыру мүмкіндігі.

Экономист Бақытберген Тоқтасыновтың айтуынша, елдегі банк жүйесінде депозиттің негізгі үш түрі бар: жинақ, мерзімсіз және мерзімді салым.

Жинақ депозитінде қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға шектеу болуы мүмкін. Мұндайда клиент сыйақыдан айырылып немесе банк шығындары үшін комиссия төлеуі ықтимал.

Мерзімсіз депозит қаражатты толықтырып, белгіленген қалдық шегінде ақша алуға мүмкіндік береді. Ал мерзімді салым бойынша қаражатты шешіп алуға болады, бірақ бұндайда сыйақының бір бөлігі жоғалуы мүмкін.

Сонымен қатар сарапшылар депозитті әмбебап инвестициялық құрал деп қарастыруға болмайтынын ескертеді. Егер инфляция депозит мөлшерлемесінен жоғары болса, нақты табыс төмендеп, тіпті мүлде болмауы мүмкін.

Экономист не дейді

Қаражатын ұзақ мерзімге көбейтуді көздейтіндер үшін бағалы қағаздар нарығы тағы бір мүмкіндік береді.

Компаниялардың акциялары, мемлекеттік және корпоративтік облигациялар, сондай-ақ биржалық инвестициялық қорлар (ETF) ұзақ мерзімде жоғары табыс әкелуі мүмкін.

ETF (Exchange Traded Fund) – бірнеше бағалы қағаздан құралған дайын инвестициялық қор. Қазақстанда мұндай құралдарды жергілікті брокерлер арқылы KASE және AIX биржаларынан сатып алуға болады. Бұрын акцияларға инвестиция жасау көпшілікке қолжетімсіз көрінсе, қазір брокерлік есепшотты бірнеше минут ішінде мобильді қосымша арқылы ашуға мүмкіндік бар.

Алайда инвестиция табысы жоғары болған сайын тәуекелі де артады. Акция бағасы қысқа мерзім ішінде айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

«Жоғары табыс әрдайым жоғары тәуекелмен қатар жүреді. Әсіресе қысқа уақытта капиталын бірнеше есе арттырғысы келетіндер бұл факторды ескеруі керек», – дейді экономист.

Back to top button