Жаңалықтар

Резидентура-2026: талапкерлер нені білуі керек

Рейтинг нәтижелері 18 тамызда жарияланады.

Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға түсушілерге маңызды ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өтініштерді өңдеу мерзімі аяқталады

Ведомство талапкерлерге өтінішінің мәртебесін алдын ала тексеріп, конкурстық іріктеудің маңызды кезеңдерін өткізіп алмауға кеңес берді. Егер талапкер республикалық бюджет есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысатын болса, ол маңызды мерзімдерге назар аударуы қажет.

10 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін «Қаралуда» және «Пысықтауға жіберілді» мәртебесіндегі өтініштерді өңдеу аяқталады.

Алдын ала рейтинг қашан жарияланады?

11 тамыз күні сағат 13:00-ге дейін алдын ала рейтинг жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша жалпы тізім жарияланады.

Ал конкурстың соңғы нәтижелері 14 тамызда белгілі болады.

Жергілікті бюджет есебінен грант алуға мүмкіндік бар

Денсаулық сақтау министрлігі республикалық бюджет есебінен өтетін конкурсқа қатысып, бірақ одан өте алмаған талапкерлердің жергілікті бюджет қаражаты есебінен конкурсқа қатыса алатынын еске салды.

Бұл – жергілікті атқарушы органдар бөлетін білім гранттары.

Жергілікті гранттарға өтініш қабылдау

Жергілікті бюджет есебінен берілетін гранттарға өтініштер 12-17 тамыз аралығында қоса алғанда қабылданады. Ал рейтинг нәтижелері 18 тамызда жарияланады.

Back to top button