Ресейлік қарсыласын жеңген Әділжан Жаудинов дзюдодан әлем чемпионаты атанды

Қазақстандық дзюдошы Әділжан Жаудинов Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ол 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында Ресей өкілі Абдулманаф Рамазановты жеңді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.
Финалда Ресей дзюдошысын жеңді
Ауыр салмақта ел намысын қорғаған Әділжан Жаудинов әлем чемпионатындағы белдесулерін сенімді өткізіп, шешуші сынға дейін жетті. Алтын медаль үшін өткен бәсекеде қазақстандық спортшы Абдулманаф Рамазановтан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Бұл – Қазақстан құрамасының Гуаякильдегі үшінші алтын жүлдесі. Бұған дейін Ғабит Расулхан 60 келіге дейінгі салмақта, ал Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген еді.
Қазақстан құрамасы 10 медаль иеленді
Әлем чемпионатының жекелей сынында Қазақстан құрамасы жалпы саны 10 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, үшеуі – күміс, төртеуі – қола.
Адия Жанахмет 40 келіге дейінгі, Әділжан Нұрбекен 50 келіге дейінгі, ал Інжу Жұмажан 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.
Бекарыс Құдайберген 50 келіге дейінгі, Ахмет Баубек 60 келіге дейінгі, Ерік Үсенов 66 келіге дейінгі және Еркен Бекали 73 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді.
Кадеттер арасындағы әлем чемпионаты Гуаякильде 20–23 тамыз аралығында өтті. Жекелей жарысқа бес құрлықтағы 59 елден 457 дзюдошы қатысты. 23 тамызда жарыс бағдарламасы аралас командалар турнирімен жалғасты.