2022 жылы Еуроодақ Ресей көміріне эмбарго енгізгеннен кейін әлемдік көмір нарығында қайта бөліну басталды. Ресейдің дәстүрлі жеткізу бағыттарының бір бөлігі босап, жаңа жеткізушілер үшін мүмкіндік пайда болды. Қазақстан сол мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алды? 2021-2025 жылдардағы сыртқы сауда статистикасы бұл кезеңде қазақстандық тас көмір экспорты көлем жағынан айтарлықтай өскенін ғана емес, оның географиясы түбегейлі өзгергенін көрсетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
2021 жылы Қазақстан 5,73 млн тонна тас көмір экспорттаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 10,24 млн тоннаға жетті. Яғни төрт жылдың ішінде экспорт көлемі шамамен 79% артқан. Алайда экспорттан түскен табыс дәл осындай қарқынмен өспеді. 2021 жылы көмір экспорты 156,7 млн доллар әкелсе, 2023 жылы көлем 7,12 млн тоннаға дейін өсіп, түсім 277,1 млн долларға жеткен. Бірақ кейін әлемдік бағаның төмендеуі салдарынан 2024 жылы экспорт көлемі 7,87 млн тоннаға дейін артқанына қарамастан табыс 219,7 млн долларға дейін азайды. 2025 жылы экспорт тарихи рекорд – 10,24 млн тоннаға жеткенімен, түсім небәрі 218,9 млн доллар болды. Яғни Қазақстан бұрынғыдан әлдеқайда көп көмір сатты, бірақ әр тоннадан түсетін кіріс айтарлықтай төмендеді.
Экспорт географиясы
2021 жылы Қазақстан көмірінің негізгі бағыты Швейцария болды. Бұл елге 4,35 млн тонна көмір экспортталған. Екінші орында 782,9 мың тоннамен Украина тұрды. Кейін Өзбекстан (207,9 мың тонна), Ұлыбритания (142 мың тонна), Қытай (86,1 мың тонна), Түркия (63,5 мың тонна) және Польша (60,8 мың тонна орналасты.

Алайда 2022 жылдан кейін бұл құрылым түбегейлі өзгерді. Украинаға экспорт бірден 782,9 мың тоннадан 89,4 мың тоннаға дейін құлап, келесі жылы мүлде тоқтады. Ал Швейцарияға жөнелтілетін көлем 4,35 млн тоннадан 2,44 млн тоннаға дейін қысқарып, 2023 жылы небәрі 29,9 мың тонна ғана болды. Осылайша бұрынғы екі негізгі бағыт іс жүзінде экспорт картасынан жоғалды.
Олардың орнын жаңа нарықтар басты. Ең әсерлі өсім Польшада байқалды. Егер 2021 жылы бұл елге небәрі 60,8 мың тонна көмір экспортталса, 2025 жылы көлем 3,23 млн тоннаға жетті. Яғни төрт жылда экспорт 53 еседен астам ұлғайған. Польша Қазақстан көмірінің ең ірі сатып алушысына айналды.
Латвия да қысқа мерзімде маңызды транзиттік бағытқа айналды. 2021 жылы бұл елге экспорт мүлде болмаған. Ал 2022 жылы 778,9 мың тонна, 2023 жылы 2,02 млн тонна көмір жөнелтілді. Кейін көлем біршама төмендегенімен, Латвия Қазақстан экспортының маңызды бағыттарының бірі болып қалды.
Азия нарығында да айқын өсім байқалады. Түркияға экспорт 63,5 мың тоннадан 1,45 млн тоннаға дейін көбейсе, Қытайға жөнелтілім 86 мың тоннадан 1,02 млн тоннаға жетті. Үндістан 7 мың тоннадан 1,29 млн тоннаға дейін өсіп, Қазақстан көмірінің негізгі сатып алушыларының біріне айналды.
Сонымен бірге жаңа бағыттар пайда болды. 2023 жылдан бастап Израиль, Марокко және Италия қазақстандық көмірді сатып ала бастады. 2024 жылы бұл қатарға Малайзия қосылса, 2025 жылы оның импорты бірден 1,13 млн тоннаға жетті. Сондай-ақ Тайвань мен Бразилия да жаңа экспорт нарықтары ретінде көріне бастады.
Экспорт артқанмен табысы мәз емес
Дегенмен барлық бағыт бірдей өсім көрсеткен жоқ. Өзбекстанға экспорт 2024 жылы 824 мың тоннаға дейін жеткенімен, 2025 жылы 645 мың тоннаға дейін қысқарды. Марокко мен Израильге жөнелтілетін көлем де 2025 жылы едәуір төмендеген. Бұл санкциялардан кейін қалыптасқан жаңа логистикалық бағыттардың әлі де тұрақсыз екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, бес жылдық статистика Қазақстанның Ресей көмірінің орнын толық басты деуге негіз бермейді. Бірақ санкциялар қазақстандық экспорттың географиясын түбегейлі өзгертті. Егер 2021 жылы негізгі экспорт бірнеше елге ғана тәуелді болса, бүгінде көмір Еуропаға да, Таяу Шығысқа да, Оңтүстік және Шығыс Азияға да кеңірек тарай бастады. Сонымен бірге экспорт көлемі рекордтық деңгейге жеткенімен, әлемдік бағаның төмендеуі салдарынан бұл өсім экспорттық түсімнің дәл сондай қарқынмен артуына алып келген жоқ. Басқаша айтқанда, Қазақстан бұрынғыдан көбірек көмір сатып жатыр, бірақ одан бұрынғыдай көп табыс тауып отырған жоқ.