Ресейдің соққысынан кейін Украинада 600 мыңнан астам адам жарықсыз қалды

Ресей әскерінің Украинаның энергетика инфрақұрылымына жасаған кезекті шабуылынан кейін Днепропетровск облысында 600 мыңнан астам тұрғын электр қуатынсыз қалды. Өңірдегі ауруханалар мен стратегиялық маңызы бар нысандар генераторларға көшірілді. Ал үздіксіз жалғасып жатқан шабуылдар апат салдарын жою жұмыстарын қиындатып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Ауруханалар генераторға көшірілді
8 қарашада Украинаның ДТЭК энергетикалық компаниясы мен Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганджа Ресейдің соққыларынан кейін өңірде электр қуаты жаппай өшкенін хабарлады. ДТЭК мәліметінше, электр энергиясының берілуі Павлоград, Самар, Каменское және Днепр аудандарында, сондай-ақ Днепр қаласында үзілген.
Облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганджаның айтуынша, ауруханалар мен тіршілікті қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым нысандары автономды электрмен жабдықтау жүйесіне көшірілген. Қазір олардың жұмысы генераторлар арқылы қамтамасыз етіліп отыр.
Апаттық-қалпына келтіру бригадалары зақымданған электр желілерін жөндеуге кіріскен. Алайда Ресей әскерінің шабуылдары жалғасып жатқандықтан, мамандардың қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік болмай отыр. Бұған дейін, 7 қарашада Днепр қаласындағы энергетикалық нысандарға жасалған кезекті соққылардан кейін 60 мыңнан астам тұтынушы электр қуатынсыз қалған еді. Ганджа жөндеу жұмыстары қауіпсіздік жағдайы мүмкіндік берген кезде ғана толық көлемде жүргізілетінін мәлімдеді.
Ресей дрондармен шабуыл жасады
8 қарашаға қараған түні Ресей әскері Днепропетровск облысына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен бірнеше мәрте шабуыл жасаған. Украина тарапының мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері өңір аспанында Ресейдің 13 дронын атып түсірген. Соған қарамастан, Ресей әскері облыстың төрт ауданына ұшқышсыз аппараттармен оннан астам соққы жасаған. Соның салдарынан Днепр және Каменское аудандарындағы инфрақұрылым нысандары зақымданды.
Никополь ауданында аудан орталығы мен Покровская аумақтық қауымдастығы шабуылға ұшыраған. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйге зақым келген. Ал Синельниково ауданындағы Дубовиковка қауымдастығында жеке тұрғын үй бүлініп, өрт шыққан. Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған шабуылдары салдарынан Днепропетровск облысында электрмен жабдықтау жүйесінің жұмысы бұзылды. Өңір билігі электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарының мерзімі қауіпсіздік жағдайына байланысты екенін мәлімдеп отыр.