Ресей мен Украина бір-бірінің энергетикалық нысандарына соққы жасамауға келісті – Трамп
Ресей мен Украина бір-бірінің энергетикалық нысандарына соққы жасамауға келісті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Екі тараптан да келісім алынған
Америкалық көшбасшының сөзінше, Мәскеу де, Киев те энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған шабуылдарды тоқтатуға келіскен.

«Украина Ресейдің энергетикалық нысандарына соққы жасамауға келісті. Ресей де дәл осындай келісім берді», – деп жазды Трамп.
АҚШ президенті әлемдегі дизель отыны бағасының өсуін де Ресей мен Украина арасындағы соғыспен байланыстырды. Оның пікірінше, нарықтағы қазіргі ахуалға Иран төңірегіндегі жағдайдан гөрі осы соғыстың ықпалы басым. Алайда Трамп өз мәлімдемесінде уағдаластықтың қашан күшіне енетінін, нақты қандай нысандарды қамтитынын және оның орындалуы қалай бақыланатынын ашып айтпады. Бұған дейін Киев Ресейдің мұнай өңдеу кәсіпорындарына жасалған шабуылдарды Мәскеудің әскери әлеуетін әлсіретуге бағытталған әрекет деп түсіндірген еді.
Келіссөздер қайта жандана бастады
Вашингтон кейінгі күндері Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді қайта жандандыруға күш сала бастады. Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер алдымен Мәскеуде Владимир Путинмен, кейін Киевте Владимир Зеленскиймен кездесті. Кездесулерден кейін Уиткофф тараптар арасында жаңа үшжақты келіссөз өткізу мәселесінде ілгерілеу бар екенін айтқан. Дегенмен сапар қорытындысында нақты келісім жарияланған жоқ.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздерді «мазмұнды» деп бағалап, ұсынылған бастамаларға қатысты тараптар арасында белгілі бір ортақ түсінік қалыптаса бастағанын жеткізді. Оның сөзінше, алдағы апталарда келіссөздерді қайта бастауға арналған жол картасы әзірленуі мүмкін. Соған қарамастан, Мәскеу мен Киевтің негізгі мәселелер бойынша ұстанымдары мен «қызыл сызықтары» әлі де алшақ.