Қызылорда облысында бір той 56 айыппұлмен аяқталды (Видео)
Жанақорған ауданында 23 тамыз күні болған атышулы оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің назарына ілінген еді. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізіп, заң бұзған кортеж қатысушылардың бәрін анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ереже бұзғандардың қатарында Жаңақорған ауданының жергілікті тұрғындарынан бөлек, Алматы мен Жамбыл облысынан, Шымкенттен келген қонақтар да бар. Полиция қызметкерлері жалпы 15 азаматты жауапқа тартты. Олардың 13-і жүргізуші болса, екеуі жолаушы.
Сот шешімі: қамау, куәліктен айыру және миллиондаған айыппұл
Тәртіп сақшылары заң бұзғандардың үстінен 56 әкімшілік хаттама толтырды. Тізімде қарсы бағытқа шығып кету, апаттық жағдай туғызу, қауіпті маневр жасау, тіпті куәліксіз және техникалық ақауы бар көлікті басқару сияқты өрескел заңбұзушылықтар бар. Бұдан бөлек, ұсақ бұзақылық пен елдімекенде пиротехниканы заңсыз қолданғандары үшін де жауапкершілік жүктелді.
Сот шешімімен ереже бұзғандардың жазасы былай белгіленді:
-
Төрт азамат жүргізуші куәлігінен айырылды;
-
Бір қатысушы 5 тәулікке қамауға алынды;
-
Қалған қатысушыларға ірі көлемде айыппұл салынды;
-
Бес автокөлік бірден айыппұл тұрағына тоғытылды.