Жаңалықтар

Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты ұстаған аңшы амнистия бойынша жазадан босатылды

Ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Қарағанды тұрғыны жыртқыш құстарға арналған заңсыз құс өсіретін орын ұйымдастырған. Оған қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық сот мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Заңсыз құс өсіретін орын қалай ұйымдастырылған

Айыптау мәліметіне сәйкес, ер адам 2017 жылы Instagram желісінде парақша ашып, онда жыртқыш құстарды пайдаланып ұлттық аңшылық жасау, сондай-ақ оларды күтіп-бағу және емдеу туралы ақпарат жариялаған.

Кейін ол заңсыз құс питомнигін ұйымдастырған. Жыртқыш құстарды оған «анықталмаған адамдар» жеткізіп отырған.

Тінту барысында барлығы 35 құс анықталды. Олардың арасында:

  • 31 балобан;
  • 1 сұңқар (сапсан);
  • 2 бүркіт;
  • 1 қаршыға-тұйғын.

Сотта ер адам кінәсін мойындады

Сот мәліметінше, сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген.

Прокурор оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

Ал сотталушы мен оның қорғаушысы амнистия туралы заңды қолдануды өтінген.

Төрт баласының болуы жеңілдететін жағдай ретінде танылды

Жаза тағайындау кезінде сот ер адамның өкінуін, кінәсін толық мойындауын және төрт баласының асырауында бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот оны 1,5 жылға бас бостандығын шектеуге және бір жыл бойы сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлеріне қатысты қызметпен айналысуға тыйым салуға үкім етті.

Алайда амнистия туралы заңға сәйкес, Қарағанды тұрғыны негізгі жазадан – бас бостандығын шектеуден босатылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ол «Құсбегілік» федерациясының мүшесі болған

Бұған дейін, шілде айында Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі ер адамның «Құсбегілік» федерациясының және жыртқыш құстармен ұлттық аңшылық бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі болғанын хабарлаған.

Алайда федерация өкілдері оны ұйымнан биыл қыста-ақ шығарғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодар облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, ұстады деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқталғаны туралы жаздық.

Back to top button