Қырғызстан Ресеймен бірлесіп мұнай өндіруді көздеп отыр
Қырғызстан энергетикалық қауіпсіздігін күшейту мақсатында Ресей компанияларымен бірлесіп мұнай өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ресейге тәуелділік жоғары
Осыған дейін Қырғызстанның бұрынғы Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров ресейлік компаниялармен мұнай-химия саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін көтерген болатын. Бұл бастама жанармай жеткізу ғана емес, мұнай өндіру мен өңдеу бағытындағы бірлескен жобаларды да қамтуы мүмкін.
Қырғызстан ішкі жанар-жағармай нарығында Ресей жеткізіліміне едәуір тәуелді. Сарапшылар елдегі сұраныстың 98 пайызына дейін ресейлік импорт есебінен қамтамасыз етіледі деп бағалап отыр. Сол себепті жанармай жеткізу көлемі мен баға шарттары екі ел арасындағы келіссөздегі негізгі мәселелерінің бірі болып қала береді.
Бішкек өз мұнай өндірісін дамыту энергетикалық тұрақтылықты арттырудың бір жолы деп санайды. Бірақ мамандар аталған елдегі мұнай кен орындарын игеру оңайға соқпайтынын әрі қымбат екенін айтып жатыр.
Жобаға ірі инвестиция қажет
Сарапшылар пікірінше, мұндай жобаларды іске асыру үшін алдымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, инфрақұрылымға қомақты қаржы салу қажет. Кен орындарының күрделілігі мен өндіріс шығынының жоғары болуы жобаның экономикалық тиімділігіне әсер етуі мүмкін.
Қазір Ресеймен бірлесіп мұнай өндіру мәселесі талқылау кезеңінде тұр.