Қырғыз шекарасында атыс болды: қақтығыс туралы не белгілі
Арнайы жасақ пен қырғыз шекарашылары арасында атыс болып, 27 адам ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, «Қадамжай-автожол» бекетінде кезекшілікте тұрған прапорщик Ш.Р. арнайы қызмет өкілдері келген кезде төрт рет оқ атқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАШАН ОҚ АТЫЛДЫ
24.kg мәліметіне сәйкес, 5 шілдеде кешкісін Баткен облысындағы «Қадамжай-автожол» және «Чечме-автожол» бақылау-өткізу бекеттерінде өткен арнайы операция жөнінде тың мәліметтер шықты.
Дереккөздерде кешкі сағат 19:00 шамасында Баткен облысы бойынша ҰҚМК қызметкерлері «Альфа» арнайы жасағымен бірлесіп, Шекара қызметі, кеден және ветеринариялық қызме өкілдерін ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Қадамжай-автожол» бекетінде кезекшілікте тұрған прапорщик Ш.Р. арнайы қызмет өкілдері келген кезде төрт рет оқ атқан. Сондай-ақ сержант Р. бір рет ескерту ретінде аспанға оқ атқан. Қару қолданудың мән-жайы мен заңдылығы анықталып жатыр, – делінген ақпаратта.
ДЕРЕККӨЗДЕР НЕ ДЕЙДІ
Тінту барысында шекарашылардан 38,5 мың сом, 5 млн 484 мың өзбек сумы, сондай-ақ қызметтік JAC-3202 автокөлігінен тағы 200 мың өзбек сумы табылған. Көлік жүргізушісінің айтуынша, бұл қаражат қызметтік көлікке қаптама сатып алу үшін алдын ала айырбасталған.
Кеден қызметкерлерінен де 100 мың сом және АҚШ долларымен ақша тәркіленген. Оның нақты көлемі нақтылануда.
ҚАРУ-ЖАРАҚ ТӘРКІЛЕНДІ
Арнайы операция барысында ҰҚМК-ның Баткен облыстық басқармасына барлығы 27 адам жеткізілген. Оның ішінде 11 әскери қызметкер «Чечме-автожол» бекетінен, ал 16 әскери қызметкер «Қадамжай-автожол» бекетінен ұсталған. Сонымен қатар екі АК-74 автоматы, екі оқжатар және 60 оқ тәркіленген.
Тергеу амалдарына сәйкес екі өткізу бекетінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Сол кезде кезекте 3 мыңға жуық адам мен 400 автокөлік тұрған. Кейінірек «Қадамжай-автожол» бекеті арқылы қозғалыс қайта жанданды.