Кейбір партиялардың алдағы Құрылтай сайлауына ұсынған кандидаттарының тізіміне қарап отырып, Абайдың әйгілі «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген жолы еріксіз еске түсті. Біз оны бүгінгі жағдайға икемдеп, «Құрылтайға әркімнің-ақ бар таласы» деп өзгертіп қолданғымыз келеді.
Совет дәуірінің дәстүрі
Қазақстан Халық партиясы «Қалаулым» тележобасы арқылы танылған эстрада өкілі Аша Матай мен әнші Тамара Асарды кандидат ретінде ұсынса, «Республика» партиясының қатарына «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов қосылды. Әлеуметтік желіде «Құрылтай енді саяси сахна емес, «жұлдыздар фабрикасы болып кеткен бе» деген пікірлер көбейді. Тіпті әнші Меруерт Түсіпбаева да Құрылтайдың құрамына әріптестерінің енуі тым ерсі екенін ашық айтты.
Алайда бұл Қазақстанның сайлау жүйесіне таңсық құбылыс емес. Өнер адамдарын саясатқа тарту кеңес заманынан қалған үрдіс деуге болады. Күләш Байсейітова мен Бибігүл Төлегенованың, Ермек Серкебаевтардың өмірбаянында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіндегі депутаттық мансабы сайрап тұр. Бірнеше шақырылымда депутат болған Роза Бағланованың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін жастарға Парламент мінберінен жылап тұрып араша түскен бейнесі сақталды.
“Мен ғана дипломы бар әртіспін”
Тәуелсіздік алғаннан кейін де өнер адамдарын саясатқа тарту дәстүрі өзгерген жоқ. Әсіресе Мәжілісте депутаттардың арасында актерлер мен әншілердің жүруі қалыпты құбылысқа айналды.
Алғашқы шақырылымдардың бірінде актер Құдайберген Сұлтанбаев Мәжіліс депутаты болды. Кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың «жұмыс қалай» деген сұрағына әзіл-шыны аралас: «Мәжіліс толған әртіс. Ішінде дипломы бары мен ғана» деген жауабы халық арасына кең тарады.

Әнші Нұрлан Өнербаев депутаттар қызметтік сапарға VIP және CIPкласпен ұшуы керек деген талабы кезінде көпшіліктің ашуын туғызған. «Перекресток» сериалы арқылы танылған Тәңірберген Бердоңғаров депутат кезінде Қазақстанда ресми түрде атап өтілмейтін 23 ақпан – Кеңес армиясы күнімен әріптестерін жыл сайын құттықтап, сынға қалып жүрді. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін сомдаған кинотрилогияға түскеннен кейін актер Нұрлан Әлімжанов Мәжіліс депутаты болды.
Дәстүрлі әнші Бекболат Тілеухан Мәжілісте жүрген кезінде ЛГБТ насихатына қарсы ұрандар көп айтатын. Ол Қаңтар оқиғасына дейінгі шақырылымда балаларды вакциналауға арналған нормаға қарсы шықты. Қазақ тілінің тағдыры туралы тепсініп сөйлеп сүйкімін арттырған әнші Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау ұсынысты «төрт қолдап» қолдағанымен де есте қалған.

Айтыскер әрі шоумен Ринат Зайыт пен әріптесі Аманжол Әлтай да Парламентке өнерден барды.

Ринаттың атышулы мәлімдемелерінің ішінде ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден бірден 300 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысы қоғамда біраз резонанс туғызды.
Олар бұрын қайда еді
Әрине, бұл адамдардың депутаттық қызметін бірнеше мәлімдемемен ғана бағалау дұрыс емес. Алайда қоғам оларды қабылдаған заңдарынан бұрын айтқан сөздері арқылы көбірек еске алады. Бірақ қай-қайсысын «Бала құқықтары туралы» заңның сол кездегі редакциясын түпнұсқада бастан-аяқ қазақ тілінде жазғызған Фариза Оңғарсынованың іскерлігімен салыстыру әділетсіз болар еді.

Әлемдік тәжірибеде де танымал өнер адамдарының саясатқа келуі тосын құбылыс емес. Үндістанда Болливуд жұлдыздары ондаған жыл бойы Парламенттің қос палатасында жұмыс істеп келеді. Филиппинде актерлер мен тележүргізушілердің сенатор болуы қалыпты тәжірибеге айналған. Дегенмен олардың басым бөлігі партиялық өмірге ертерек араласып, ұзақ саяси жолдан өтеді. Ал Қазақстанда шоу-бизнес өкілдерінің саясатқа келуі «темірді қызған кезде соқ» деген мәтелді көбірек еске түсіреді. Жылдар бойы ел ісіне араласпай, саяси мәселелер мен қоғамдық дүмпулерге үн қоспай, сайлау алдында ғана саяси сахнаға шыға келетін кейбір өнер адамдарын жұрттың өткір сынауы да заңды.
Саяси сарапшылар ресми тіркелген партиялардың басым бөлігі сайлаудан басқа кезде қоғаммен жүйелі жұмыс істемейтінін жиі сынайды. Осындай сынға ілігіп жүрген партиялардың миллиондаған оқырманы бар, әлеуметтік желіде ықпалы күшті әнші, актер немесе тележүргізушіні қатарына қосуы жұрт назарын өзіне аударудың ең қысқа жолдарының бірі болып көрінеді. Ал шоу-бизнес жұлдызына бұл өзінің ықпалын арттыратын тетік болуы мүмкін.
Алайда сайлауалды науқан мен сайлаудан кейінгі мандат үлестіру – екі бөлек процес. Мәжілістің соңғы шақырылымы жасақталар тұста «Ауыл» партиясы айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлын үгіт-насихат жұмыстарына белсенді пайдаланды. Бірақ партия Парламенттен орын алған соң мандат үлестіру кезінде ақын депутаттар қатарына енбей қалды. Бұл шешім қоғамда қызу талқыланған еді.
Сондықтан бүгін Құрылтай сайлауына немесе партиялық тізімдерге қосылған жұлдыздардың саяси тағдыры қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Олар шынымен жаңа қоғамдық институттың белсенді мүшесіне айнала ма, әлде сайлауалды науқанның ғана танымал келбеті болып қала ма? Оның жауабын уақыт қана бере алады.