Ақпаратты Назым Қахарман әлеуметтік желіде жариялаған видеосында айтты. Оның сөзінше, төрт жылдың ішінде үстінен төртінші рет арыз түскен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Назым Қахарман не дейді
Назым Қахарман бұған дейін тек бір рет Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру үшін ғана сотқа жүгіненін айтады.
“Олардың бүкіл қиыншылығына мен кінәлі сияқтымын. Неге ажырастың, неге балаларды ажыраттың, неге ойыңды айтасың дегендей маған көп әңгімелері айтылған. Екінші балам дүниеге келгеннен кейін мен корпоративті әлемнен кетіп қалдым. Ол кезде мүлде ойламаған едім. Енем барына жолым болыпты деп жүрдім, себебі ғимарат пен бизнес берілген соң сонымен айналыстым. Сөйтсем сенімгерлік басқару деген үлкен тұзақ екен. Енеңізбен немесе күйеуіңіздің туған-туыстарымен бизнес жасасаңыз, күні ертең олар сотта табысыңызды даулап шыға келуі мүмкін деген қауіптен сақтана жүріңіз. Енді бірнеше жылдан кейін ақшаны бермедің деп маған арыз түсті”, – дейді ол.
Назым Қахарман мұның бәрі балаларға ауыр тиіп жатқанын айтты.
Қуандық Бимішбаев не үшін сотталды
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі (“Азаптау”), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (“Аса қатыгездікпен адам өлтіру”) бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Ақыры 24 жылға сотталып кетті.
Ал жақында Қуандық Бишімбаевпен бірге сотталған інісі Бақытжан Байжанов бостандыққа шыққан еді.