Қоқыстан табылған Елтаңба: шулы іс жөнінде ІІМ не дейді
Жетісу облысында қоқыс арасынан табылған мемлекеттік Елтаңбаны үйіне іліп қойған азаматқа салынған айыппұл қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы іс жайлы Мәжіліс кулуарында журналистер Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтен сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ІІМ өкіліне Tizgin.kz тілшісі «Қоқыстан тапқан Елтаңбаны үйіне ілген азаматқа айыппұл салу қажеттілігі болды ма?» деген сұрақ қойды.
Сұраққа жауап берген Санжар Әділов бұл іс бойынша заңды шешім қабылданғанын айтып, азаматтың оған шағымдануға толық құқығы бар екенін жеткізді.
«Бұл оқиға бойынша заңды шешім бар. Осы шешімге басқа қосарым жоқ. Тұлғаның толық конституциялық құқығы бар. Егер ол азамат шешіммен келіспейтін болса, шағымданса болады», – деді Әділов.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында бірнеше жыл бұрын қоқыс арасынан табылған мемлекеттік Елтаңбаны үйіне алып кеткен ауыл тұрғынына айыппұл салынғаны хабарланды. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұртшылық арасында түрлі пікір туғызды. Мәліметке сүйенсек, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының тұрғыны Данияр Бейісқали төрт жыл бұрын қоқыс алаңынан Қазақстанның Елтаңбасын тауып алған. Кейін оны тазалап, ретке келтіріп, өз үйінің қабырғасына іліп қойған.
Алайда бұл әрекетке қатысты аудан әкімдігі полицияға шағым түсірген. Онда мемлекеттік рәміздің заңда көрсетілмеген мақсатта қолданылғаны айтылған. Жетісу облыстық Полиция департаменті тексеру нәтижесінде құқықбұзушылық дерегі расталып, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдері мемлекеттік рәміздер ерекше қорғауда екенін еске салып, оларды тек заң талаптарына сай пайдалану қажет екенін атап өтті. Ал азамат өз әрекетін Елтаңбаға құрмет көрсету ниетімен жасағанын айтып, не себепті жазаға тартылғанын түсінбей отырғанын жеткізді.