ЖаңалықтарҚоғам

Блогерге қоқыс полигонынан тапқан Елтаңбаны сақтағаны үшін айыппұл салынды

Ол Елтаңбаны төрт жыл бұрын қоқыс полигонынан тауып алған.

Жетісу облысында ауылдық блогер бірнеше жыл бұрын қоқыс полигонынан мемлекеттік Елтаңбаны тауып алып, оны үйінде сақтап қойған. Енді осы үшін оған айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ақсу ауданының тұрғыны Данияр Бейісқали әлеуметтік желілерде өзіне полиция қызметкерлері келгенін және әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Оның айтуынша, Елтаңбаны ол төрт жыл бұрын қоқыс полигонынан тауып алған.

«Кезінде 4-5 жыл бұрын Жетісу облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының қоқыс полигонынан тауып алған Елтаңбаны жуып-шайып, тазалап, құрметтеп, үйімнің төріне іліп қойғанмын. Жақында билік өкілдері оны видеодан көріп, маған 50 АЕК көлемінде айыппұл салмақ. Бұл – шамамен 216 мың теңге. Неліктен дәл қазір бұлай жасағалы отырғандарын түсінбеймін», – дейді блогер.

Бұл жағдайға Жетісу облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Айыппұл салуға себеп – Ақсу ауданы әкімдігінен түскен өтініш болғаны нақтыланды. Әңгіме aksu_shagimi парақшасында жарияланған мемлекеттік рәмізді мақсатсыз пайдалану фактісі туралы болып отыр.

Тексеру барысында полицейлер ер адамның жеке басын анықтады. Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полицияда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері заңмен қорғалатынын еске салды. Оларды тек белгіленген тәртіпке сай пайдалану қажет. Тұрғындарды ел рәміздеріне құрметпен қарап, заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Оқырмандар жазба астына «Елтаңбаны қоқысқа тастаған адамды емес, оны қоқыстан алып, жуып-шайып сақтаған адамға неге айыппұл салады?» деген наразылық сипатта пікір жазуда.

Back to top button