Спорт

Қазыбек Қалмағамбетов грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды

Қазақстандық балуан Қазыбек Қалмағамбетов Словакия астанасы Братиславада өтіп жатқан грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Tizgin.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Финалда Беларусь балуанын жеңді

Ақтөбе облысының өкілі 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, әлем чемпионатының шешуші белдесуінде Беларусь балуаны Михаил Маркоускимен кездесті.

Тартысты өткен финалда Қазыбек қарсыласын 13:7 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл – Қазақстан құрамасының аталған әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі.

Қазыбек алтынға дейін бес белдесу өткізді

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазыбек Қалмағамбетов чемпионаттағы алғашқы кездесуінде Германия өкілі Себастьян Вагнерді жеңді.

Одан кейінгі 1/8 финалда америкалық Амрин Наттермен белдесіп, есеп 1:1 болғанымен, қосымша көрсеткіш бойынша жеңіске жетті. Ширек финалда мысырлық Мохамед Абдельрахимді 4:1, ал жартылай финалда мажарстандық Петро Житовозды 7:5 есебімен ұтты.

Финалда Михаил Маркоускиден 13:7 есебімен басым түскен қазақстандық балуан турнирді жеңіліссіз аяқтап, әлем чемпионы атанды.

Қазыбек Қалмағамбетовтың алғашқы бапкері Мұқанбетжан Зарлықов. Қазіргі жеке жаттықтырушысы – Нұртас Өтепбергенов.

Back to top button