«ҚазТАГ» иесі Матаев пен досын бес-алты адам жабылып ұрған – адвокат
«ҚазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен досына бір топ жабылып кеткен. Сол кезде Матаевтың бас сүйегі зақымданған. Бұл туралы адвокаты Рена Керімова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Жаңа ғана қорғауымдағы Әсет Матаевпен сөйлестім! Ол расында да бұзақылық жасады деген күдікпен ұсталған. Алайда Әсеттің айтуынша, оған бұрын мүлде бейтаныс бірнеше адам тарапынан арандату болған. Кеше түнде ол досымен бірге Достық даңғылындағы бардан шығып, бірден таксиге бет алған, бірақ жолда белгісіз ер адамдармен жанжал туындаған. Кикілжіңнен соң Әсеттің сөзінше, шамамен бес-алты адам (арасында қыздар да болған) оған және оның досы Уәлиханға жабылып кеткен.
Қазір ғана Матаев сот-медициналық сараптамаға жеткізілді, онда денсаулығына келтірілген зиян анықталды. Әсеттің бас сүйегі зақымданған, басында ашық жара бар, сол жақ маңдай қуысының алдыңғы және төменгі қабырғалары сынған, гемосинус және сол жақ маңдай тұсында соғылған жара тіркелген. Ол қазіргі жағдайының өте нашар екенін айтты», – деп жазды Керімова желідегі парақшасында.
Алматыда Медеу ауданында түнгі жанжалдан кейін «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің иесі Әсет Матаев ұсталғанын қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бүгін хабарлаған еді. Полицияның мәліметінше, оқиға өткен түні ойын-сауық орындарының бірінің маңында болған. Алдын ала дерек бойынша, жанжалға төрт ер адам қатысқан.