Қазақстан биыл 51,9 млрд доллар сыртқы қарызын төлеуге міндеттелген. Бұл – елдің жалпы сыртқы борышының үштен біріне жуық. Салыстырсақ, 51,9 млрд доллар деген бір жылдық республикалық бюджеттен де көп, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2026 жылдың басында Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 181,8 млрд доллар болған. Оның 24,4 млрд доллары фирмааралық берешекке, 19,2 млрд доллары басқа секторларға тиесілі. Банктер 6,4 млрд доллар, мемлекеттік сектор 1,6 млрд доллар, ал Ұлттық банк 0,36 млрд доллар төлеу керек. Қалған 59,3 млрд доллар тауар мен қызмет түрінде өтеледі.
Жалпы құрылымда қарыздың негізгі бөлігі бұрынғыдай жеке секторға тиесілі. Мемлекеттік борыш 16 млрд доллар, банктердің міндеттемелері 18,3 млрд доллар болып отыр. Фирмааралық берешек көлемі – 89,9 млрд доллар.
Қазақстанның негізгі кредиторларының қатарында Нидерланд, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Франция және АҚШ бар.

10 жылдағы ең көзге түсетін өзгеріс – Ресей алдындағы қарыздың өсуі. 2016 жылы 7,1 млрд доллар болса, 2026 жылы 16,6 млрд долларға дейін өскен. Бермуд аралдарының алдындағы борыш 6,6 млрд долларға, БАӘ-ге борыш 5,2 млрд долларға жеткен. Ал Ұлыбритания алдындағы қарыз 5,2 млрд доллар, АҚШ алдындағы берешек 1,5 млрд доллар қысқарған. Қытай, Франция және Нидерланд бағытындағы берешек айтарлықтай өзгермей, бұрынғы деңгейінде сақталған. Осылайша сыртқы қарыздар картасында батыс елдерінің үлесі қысқарып, Ресей мен жекелеген офшорлық кеңістіктер, Таяу Шығыс бағытындағы қарыздар артқан.
10 жылда сыртқы қарыз 153,9 млрд доллардан 181,8 млрд долларға дейін ұлғайған. Негізгі жүктеме бұрынғыдай жер қойнауын игеру секторында. Бұл саладағы қарыз көлемі 78,6 млрд доллардан 75,3 млрд долларға жуық деңгейде сақталған.
Секторлар бөлінісінде мемлекеттік қарыз 11,3 млрд доллардан 16 млрд долларға дейін өскен. Банктердің сыртқы міндеттемелері 7,7 млрд доллардан 18,3 млрд долларға жетті. Басқа секторларда өсім мардымсыз.
АҚШ валютасымен алған қарыз 2016 жылы 131,1 млрд доллар болса, 2026 жылы 119,3 млрд долларға дейін азайған. Еуроқарыз керісінше 2,5 млрд доллардан 5,6 млрд долларға дейін ұлғайған. Ресей рублімен алған берешек 460 млн доллардан 6,6 млрд долларға дейін көбейіп, шамамен 14 есе өскен. Қытай юанімен тартылған қарыз 55 млн доллардан 6,3 млрд долларға дейін өсіп, 115 есе ұлғайған. Ал теңгемен төлейтін міндеттемелер 4,4 млрд доллардан 12,5 млрд долларға дейін көбейген.
Соған қарамастан, қарыздың негізгі бөлігі бұрынғыдай долларда қалып отыр – 65,6%. Қалған валюталардың үлесі айтарлықтай төмен: теңге – 6,9%, рубль – 3,6%, юань – 3,5%, еуро – 3,1%.
Әзірге бұл өзгерістер Қазақстанның сыртқы қарыз құрылымында доллардан толық кетпегенін, керісінше жаңа валюталар есебінен әртараптану жүріп жатқанын көрсетеді.