TOP-1Сараптама

Қазақстанның қорғаныс министрлері: Халық қаһарманынан 14 сарбаздың өліміне дейін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қорғаныс министрлігінде 15 министр ауысты. Мұхтар Алтынбаевтың бұл қызметке екі рет келгенін есептегенде, 14 адам армияны басқарды. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры, әскери авиация генералы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы, әкімдер мен Үкіметті басқарған саясаткерлер бар. Министрлердің қызметі әскери доктриналардың өзгеруімен ғана емес, Солтүстік Кореяға ұшақ жеткізу жанжалымен, қару-жарақ сатып алуға қатысты қылмыстық істермен, Арыс пен Байзақтағы жарылыстармен және Қаңтар оқиғасынан кейінгі сот үкімімен есте қалды.

Сонымен бірге осы кезеңде ұлттық армияның басқару жүйесі қалыптасып, Әскери-теңіз күштері құрылды, қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ миссияларына қатыса бастады, ал кейінгі жылдары отандық броньды техника, ұшқышсыз аппараттар мен оқ-дәрі өндірісін дамыту жобалары қолға алынды.

Сағадат Нұрмағамбетов: ұлттық армияның негізін қалаған Халық қаһарманы

1992 жылғы мамыр – 1995 жылғы қазан

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштерін құру туралы жарлық қабылданғаннан кейін оған бұрынғы кеңестік әскери бөлімдерді ұлттық басқару жүйесіне өткізу, кадрларды сақтау және әскери құрылымды қалыптастыру міндеті жүктелді.

1994 жылғы 23 мамырда Нұрмағамбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ол 1995 жылғы қазанда министр қызметінен босатылып, сол жылдың қарашасында армия генералы атағымен әскери қызметтен отставкаға шықты.

Сағадат Нұрмағамбетов. Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық армияны қалыптастырумен қатар, 1993 жылғы 2 сәуірде Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін құру туралы жарлық қабылданды. Әскери-теңіз күштері Каспийдің қазақстандық секторындағы шекараны, порттар мен стратегиялық нысандарды қорғауға арналған; дербес әскер түрі ретінде олар 2003 жылы түпкілікті қалыптасты.

1994 жылы Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасына қосылды. Бұл елдің әскери ынтымақтастықты тек бұрынғы кеңестік кеңістікпен шектемей, халықаралық оқу-жаттығулар мен кәсіби даярлыққа қатысуына жол ашқан алғашқы қадамдардың бірі болды.

Әлібек Қасымов: өтпелі кезеңдегі бір жыл

1995 жылғы 16 қазан – 1996 жылғы 30 қазан

Әлібек Қасымов Қорғаныс министрлігін бір жылға жуық басқарды. Ол қызметке келген кезде Қазақстанның әскери жүйесі кеңестік құрылымнан ұлттық армияға өту кезеңінде еді. Қорғаныс саласының негізгі міндеті қолда бар әскери бөлімдерді, инфрақұрылым мен техниканы сақтап, басқару жүйесін қалыптастыру болды.

Әлібек Қасымов. Фотосурет: Gov

Қасымовтың қызмет мерзіміне қатысты ашық деректерде ірі реформаның нақты нәтижесін немесе оның жеке шешіміне байланысты кең резонанс тудырған оқиғаны сенімді түрде көрсетуге мүмкіндік беретін мәлімет аз.

Мұхтар Алтынбаев: Солтүстік Кореяға ұшақ сату

1996 жылғы 30 қазан – 1999 жылғы 9 тамыз; 2001 жылғы 8 желтоқсан – 2007 жылғы 8 қаңтар

Әскери ұшқыш, кейін Әуе қорғанысы күштерін басқарған Мұхтар Алтынбаев Қорғаныс министрлігіне екі рет келді. Оның алғашқы мерзімі 1999 жылы Қазақстаннан шығарылған МиГ-21 ұшақтарының Солтүстік Кореяға сатылуына байланысты халықаралық жанжалмен аяқталды. Баку әуежайында ұсталған жүк ұшағынан Қазақстаннан жеткізілген МиГ-21 ұшақтары табылғаны туралы ақпарат тарады. Кейін бұл оқиға Қазақстанның қару-жарақ экспортын бақылау жүйесіне қатысты сұрақтар туғызды. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев қару-жарақ экспортын бақылаудағы олқылықтарды сынға алғаннан кейін Алтынбаев 1999 жылғы тамызда қызметінен босатылды.

Алтынбаев 2001 жылғы желтоқсанда министрлікке қайта оралып, 2007 жылғы қаңтарға дейін қызмет атқарды. Оның екінші мерзімі бес жылдан астам уақытқа созылды. Осы жылдары Астанада Қорғаныс министрлігінің жаңа бас ғимараты салынды.

2003 жылы Қарулы күштердің өңірлік қолбасшылықтары жүйесі құрылды. Сол жылы құрылған «Астана» өңірлік қолбасшылығы Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтыды.

Мұхтар Алтынбаев. Фото: ашық дереккөзден

Бітімгерлік бағытта да жаңа кезең басталды: 2000 жылы қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылып, 2003 жылғы тамызда «Қазбаттың» алғашқы инженерлік-саперлік жасағы Ирактағы миссияға аттанды. 2003-2008 жылдары бұл операцияға 270-тен астам қазақстандық әскери қызметші қатысты; олар минасыздандыру, оқ-дәрілерді жою және су тазарту жұмыстарын атқарды.

Әскери кадрларды шетелде даярлау да осы жылдары жалғасты: Түркиямен әскери білім беру саласындағы келісім 1993 жылы жасалып, 1997 жылы күшіне енді. Кейінгі ресми мәлімет бойынша, 1997 жылдан бері Түркияның жоғары әскери оқу орындарында 200-ден астам қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып, тағы 300-і курстық даярлықтан өткен. 2003 жылы «Қазбат» инженерлік-саперлік бітімгерлік жасағы құрылды.

Сәт Тоқпақбаев: ҰҚК басшысынан министрге, кейін депутатқа

1999 жылғы 13 қазан – 2001 жылғы 8 желтоқсан

Сәт Тоқпақбаев Қорғаныс министрі болғанға дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды, Президенттің Күзет қызметінің бастығы және Республикалық гвардияның қолбасшысы болды. Демек, ол министрлікке қауіпсіздік және күштік құрылымдардағы тәжірибесімен келді.

Тоқпақбаевтың қызмет мерзімі 2001 жылғы тамызда Қарағанды облысындағы Тоқырау елді мекені маңындағы оқ-дәрі қоймасында болған өртпен тұспа-тұс келді. Оқиға кезінде елді мекен тұрғындарын эвакуациялауға тура келді. Бұл Қазақстанда әскери оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігіне қатысты алғашқы ірі резонанстық оқиғалардың бірі болды.

Сәт Тоқпақбаев. Фото: Ақорда

Бұл кезеңде өңірлік әскери басқару жүйесі де қалыптасты: 2000 жылғы 15 қыркүйекте «Оңтүстік» әскери округі құрылды. 2003 жылы ол өңірлік қолбасшылыққа айналды. Бұл — ел аумағын әскери басқару жауапкершілігі бойынша ұйымдастырудың кезең-кезеңімен қалыптасқанын көрсететін өзгерістердің бірі.

Министрліктен кеткеннен кейін Тоқпақбаев мемлекеттік қызметтен алыстаған жоқ. Ол кейін Президенттің кеңесшісі болып, 2007-2011 жылдары Мәжіліс депутаты ретінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеді.

Даниал Ахметов: істемейтін танк дауы

2007 жылғы 10 қаңтар – 2009 жылғы 17 маусым

Премьер-министр лауазымынан кейін Қорғаныс министрлігіне келген Даниал Ахметовті кейбір әскерилер баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жолға қойнға басшы ретінде еске алады. Ол бұл қызметке азаматтық мемлекеттік басқару тәжірибесімен келді. Ол министр болған кезде әскери техниканы сатып алу мен жаңғыртуға байланысты ірі қылмыстық іс қоғам назарын аударды.

Даниал Ахметов. Фото: gov.kz

2009 жылы қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов Израиль компанияларымен жасалған артиллериялық жүйелерді сатып алу және жаңғырту келісімшарттарына байланысты ұсталды. Тергеу материалдарында мемлекетке 82 млн АҚШ долларынан астам залал келтірілгені айтылды. Іс «Найза», «Семсер» және «Айбат» артиллериялық жүйелеріне қатысты келісімшарттарды қамтыды. Маерманов пен Израиль азаматы Борис Шейнкман сотталды.

Осылайша Д. Ахметов 2009 жылғы маусымда министр қызметінен кетті. Еуразиялық экономикалық одақ құрылатын кезде Мәскеуден табылған ол 2012-2014 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасында лауазымды қызметтер атқарып, Шығыс Қазақстан облысына әкім болып оралды. Бұл қызметте ол 2023 жылдың ортасына дейін отырды.

Әділбек Жақсыбеков: 2009 жылғы 24 маусым – 2014 жылғы 2 сәуір

Әділбек Жақсыбеков Астана қаласының әкімі, Индустрия және сауда министрі және Президент әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқарған. Басқаша айтсақ, ол да Қорғаныс министрлігіне әскери мансаптан емес, азаматтық мемлекеттік басқару жүйесінен келді.

Әділбек Жақсыбеков. Фото: allinfo.kz

Оның кезінде әскери құрылымды дамыту мен техниканы жаңарту міндеттері жалғасты.

Қорғаныс өнеркәсібіндегі өндірістік кооперация да осы кезеңде кеңейді. 2010 жылы Қазақстан мен Airbus Helicopters компаниясының бірлескен кәсіпорны — «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» құрылды. 2013 жылы Қазақстан мен Түркияның бірлескен «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» кәсіпорнында өндіріс басталды: зауыт түнгі көру құралдарын, тепловизиялық көздеуіштерді, барлау және радиобайланыс жабдықтарын шығарады.

2013 жылғы сәуірде Қарағанды облысында МиГ-31 әскери ұшағы апатқа ұшырап, экипаж командирі қаза тапты. Оқиға әскери авиацияның ұшу қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді.

Серік Ахметов: 2014 жылғы 3 сәуір – 2014 жылғы 22 қазан

Серік Ахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалғанға дейін Қарағанды облысының әкімі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары және Үкімет басшысы болды. Министрлікті алты айдан сәл астам уақыт басқарды.

Серік Ахметов. Фото: primeminister.kz

2015 жылғы 11 желтоқсанда Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ахметовті бірнеше қылмыс бойынша кінәлі деп таныды. Үкімде сол кездегі Қылмыстық кодекстің мына баптары көрсетілді:

  • 176-баптың 4-бөлігінің «б» тармағы – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету;
  • 310-баптың 3-бөлігі – кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу;
  • 307-баптың 3-бөлігі –  қызмет өкілеттігін теріс пайдалану;
  • 310-1-баптың 3-бөлігі – заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру.

Бұл баптар Ахметовтің Қорғаныс министрі болған алты айымен емес, Қарағанды облысын басқарып тұрған кезеңмен байланысты еді.

Жарияланған материалдарда индустриялық парк инфрақұрылымын салу және бюджет қаражатын пайдалану эпизодтары қарастырылды. Алғашқыда Ахметов 10 жылға сотталып, кейін жаза мерзімі 8 жылға қысқартылды. 2017 жылы бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.

Иманғали Тасмағамбетов: 2014 жылғы 22 қазан – 2016 жылғы 13 қыркүйек

Иманғали Тасмағамбетов министрлікке дейін Премьер-министрдің орынбасары, Астана және Алматы қалаларының әкімі, Премьер-министр қызметтерін атқарды. Ол да әскери мансаптан емес, жоғары мемлекеттік басқару жүйесінен келді.

Тасмағамбетов басшы болған кездің соңында мемлекеттік сатып алуларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті министрліктің лауазымды тұлғалары мен кәсіпкерлеріне қатысты бюджет қаржысын жымқыру күдігі бойынша тергеу жүргізді. Жарияланған материалдарда 2,94 млрд теңгеден астам қаражатқа қатысты айыптар айтылды.

Иманғали Тасмағамбетов. Фото: odkb-csto.org

Осы кезеңде Қазақстанның БҰҰ бітімгерлік қызметіне қатысуы да жаңа деңгейге өтті. 2014 жылы қазақстандық әскери қызметші Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясына әскери бақылаушы ретінде алғаш рет жіберілді. 2015 жылғы 30 қарашада Астанада Kazakhstan Paramount Engineering броньды техника зауыты ашылды; кәсіпорын «Арлан», «Алан» және кейінірек «Барыс» сияқты броньды дөңгелекті машиналарды өндіруге маманданды.

Сәкен Жасұзақов: Арыс жарылысынан кейін Қарулы күштер қатарынан шығарылды

2016 жылғы 13 қыркүйек – 2018 жылғы 7 тамыз

Сәкен Жасұзақов кәсіби әскери қызметтен өскен, әскери барлау саласында тәжірибесі бар генерал-полковник еді.

Отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту бағытында да өзгерістер болды. 2015 жылғы қарашада Қазақстанда Kazakhstan Paramount Engineering броньды машиналар зауыты ашылды, ал 2016 жылғы желтоқсаннан бастап кәсіпорын өз өндірісіндегі «Арлан» және «Алан» машиналарын армия мен басқа күштік құрылымдарға жеткізе бастады. Бұл өндіріс Сәкен Жасұзақовтың министр болған кезеңінде нақты жеткізілімге шықты.

Сәкен Жасұзақов. Фото: ашық дереккөзден

2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери бөлім аумағында оқ-дәрілер жарылып, қала тұрғындары эвакуацияланды. Ресми мәлімет бойынша, апат салдарынан төрт адам қаза тауып, көптеген адам зардап шекті. Қаладағы үйлер мен ғимараттарға зақым келді.

2019 жылғы 7 тамызда Президент өкімімен Жасұзақов Қазақстан Қарулы күштерінің қатарынан шығарылды. Ақорда шешімінде оған жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамау, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етудегі елеулі кемшіліктер және оқ-дәрі сақтау нысандарын көшіру мен орналастыру бағдарламасын іске асырудағы олқылықтар аталды.

Нұрлан Ермекбаев: өз еркімен қызметінен кеткен министр

2018 жылғы 7 тамыз – 2021 жылғы 31 тамыз

Нұрлан Ермекбаев министрлікке дейін Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметін атқарды. Бұған дейін Қытайдағы елшілік және дін істері мен азаматтық қоғам саласындағы мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеген.

Әскери ынтымақтастықтағы маңызды құжаттардың бірі 2018 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан мен Түркия арасында жасалған келісім болды. Ол әскери білім мен бірлескен даярлықтан бөлек, қорғаныс өнеркәсібін, әскери медицинаны, байланыс пен киберқауіпсіздікті, бітімгерлік операцияларды қамтыды; келісім 2021 жылғы 26 наурызда күшіне енді. Қорғаныс өнеркәсібінде 2020 жылдан бастап Қарағандыдағы «Steel Manufacturing» кәсіпорны тапанша мен мылтық патрондарын шығара бастады. Бұл Қазақстандағы атыс қаруына арналған патрон өндірісін жолға қойған алғашқы зауыт болды.

Нұрлан Ермекбаев. Фото: ашық дереккөзден

Осы кезеңде қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуы да кеңейді. 2018 жылы Қазақстанның әскери қызметшілері Ливандағы БҰҰ-ның UNIFIL миссиясына Үндістан батальоны құрамында жіберілді. Бұл дербес ұлттық контингент емес, халықаралық миссияға қатысу тәжірибесінің бір кезеңі болды.

Оның министрлік кезеңінде екі ірі оқ-дәрі қоймасында өрт болды. 2019 жылғы Арыс жарылысынан кейін Ермекбаевқа қатаң сөгіс жарияланды. 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімде өрт пен жарылыс болып, әскери қызметшілер мен құтқарушылар қаза тапты, ондаған адам жараланды.

Ермекбаев Байзақтағы жарылыс туралы хабар алғаннан кейін отставка сұрауға шешім қабылдағанын өзі мәлімдеді. «Хабарды естіген бірінші минутта-ақ» отставкаға өтініш беруге шешім қабылдағанын айтып, апат салдарын жою жұмыстары аяқталған соң өтініш беретінін жеткізді. 2021 жылғы 31 тамызда ол қызметінен босатылды.

Мұрат Бектанов: Қаңтар оқиғасының құпиясы

2021 жылғы 31 тамыз – 2022 жылғы 19 қаңтар

Мұрат Бектанов кәсіби әскери басшы болды. Қорғаныс министрі қызметіне дейін Құрлық әскерлерін басқарды және Бас штаб бастығы қызметін атқарды.

2022 жылы 19 қаңтарда Қарулы күштер құрамында Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Жаңа құрылым антитеррорлық операцияларға және заңсыз қаруланған құралымдарға қарсы іс-қимыл сияқты арнайы міндеттерді орындауға арналған. Қолбасшылықтың құрылуы Бектанов министр қызметінен кеткен күніне тұспа-тұс келді, сондықтан оны оның жеке бастамасы ретінде көрсетуге негіз жоқ; бұл – сол кезеңдегі құрылымдық өзгеріс.

Мұрат Бектанов. Фото: Ақорда

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Президент оның отставкасын қабылдады. Кейін бұрынғы министр қамауға алынып, 2023 жылғы ақпанда 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 451-бабының 3-бөлігі бойынша – ауыр зардаптарға әкелген әскери жағдайда билігін асыра пайдалану қылмысы үшін кінәлі деп таныды.

Бектановтың сотталуы Қаңтар оқиғасы кезінде әскери басқарудың әрекеті мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты болды. Іс жабық қаралғандықтан, сот үкімінің толық мәтіні ашық жарияланған жоқ.

Руслан Жақсылықов: әскердегі өлім-жітім және резонанс тудырған сөздер

2022 жылғы 19 қаңтар – 2025 жылғы маусым

Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі болғанға дейін Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы қызметін атқарды. Оның кезінде мерзімді әскери қызметшілердің өлімі, сарбаздар арасындағы әлімжеттік, көшеден әскерге күштеп әкету даулары, әскери бөлімдердегі қауіпсіздік мәселелері қоғам назарында қалды.

Қорғаныс министрлігінің мерзімді қызметшілерге қатысты деректерін талдаған Factcheck.kz жарияланымында 2021–2023 жылдары 14 өлім тіркелгені көрсетілді: 2021 жылы – 5, 2022 жылы – 1, 2023 жылы – 8. Себептердің арасында алты суицид, үш аурудан қайтыс болу, екі жарғылық емес қарым-қатынасқа байланысты өлім, екі қауіпсіздік ережесін бұзу және бір тамақтан улану оқиғасы болған. Бұл статистика тек мерзімді қызметшілерді қамтиды және 2021 жылғы дерек Жақсылықов министр болғанға дейінгі кезеңді де қамтиды. Әділін айту керек, Руслан Жақсылықовтың кезінде ғана әскерилер арасында суицид көбейді деп айтуға негіз жоқ. Тек осы кезеңде бұл құбылыс әлеуметтік желіде қызлу талқыланатын тақырыпқа айналды. 2022 жылы «Өміріңді САҚТА» бағдарламасы қабылданды. Министрлік соның арқасында әскерилер арасындағы өлім-жітім 21% азайғанын мәлімдеді.

Руслан Жақсылықов. Фото: ашық дереккөзден

Жақсылықов кезеңінде әскери-техникалық ынтымақтастық пен мамандар даярлауда да бірнеше жоба жарияланды. 2022 жылғы мамырда Қазақстанның Kazakhstan Engineering компаниясы мен Түркияның Turkish Aerospace компаниясы ANKA соққы беретін ұшқышсыз аппараттарын Қазақстанда құрастыру және техникалық қызмет көрсету желісін ұйымдастыру туралы меморандумға қол қойды. Құжат технология беру мен мамандар даярлау мәселелерін де қамтыды. 2023 жылы француз тілі курстары әскери қызметшілерді француз тілді Африка елдеріндегі БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуға даярлау мақсатында ашылды. Бұл Францияда толық әскери білім алу бағдарламасы емес, миссияларға даярлықтың бір бөлігі еді. 2024 жылы әскери оқу орындарында курсанттардың тағылымдамасы ұзартылып, оқу процесі жауынгерлік даярлықпен тығыз байланыстырылды; жаңа бағыттар арасында ұшқышсыз аппараттарды басқару, радиоэлектрондық барлау мен күрес, ақпаратты қорғау және криптология болды.

Бітімгерлік саласындағы тағы бір маңызды белес 2024 жылы болды: Қазақстан БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына 139 әскери қызметшіден тұратын дербес ұлттық контингент жіберді. Бұған дейін қазақстандық бітімгерлер халықаралық миссияларда өзге елдердің батальондары құрамында немесе әскери бақылаушы ретінде қызмет атқарған.

2023 жылдың маусымында әскери қызметшілер арасындағы суицид пен әлімжеттік туралы сұраққа жауап берген Жақсылықов «Өмір деген – жизнь! Өмірде бәрі болуы мүмкін» деген сөзі үшін сынға ұшырады. Оның мемлекеттік тіл туралы сауалға «Өкпелесең, көшіп кет» деген жауабы да қоғамдық резонанс тудырды. Жұбайының ол министрмей болмай тұрған кезде әскери техникамен бейнеклипке түскені де сынға ұшырады.

Дәурен Қосанов: Каспийдегі қайғылы оқиға

2025 жылғы маусым – 2026 жылғы 27 қыркүйек

Әскери авиация саласында қызмет еткен Дәурен Қосанов 2025 жылғы маусымда Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оның тұсында 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Қорғаныс министрлігіне 1,02 трлн теңге жоспарланды.

2025 жылғы ақпанда Астанада шынжыр табанды және дөңгелекті броньды машиналарды құрастыруға, оларға техникалық қызмет көрсетуге арналған Besqaru өндіріс алаңы іске қосылды. Жобаның жарияланған қуаты – жылына 200 машина; өнімдер қатарында Taimas 8×8, Aibar 4×4 және Tulpar техникасы бар. Кәсіпорын министр ауысқанға дейін, 2025 жылғы ақпанда ашылғандықтан, бұл дерек сол жылдың қорғаныс өнеркәсібіндегі оқиға ретінде қарастырылады.

Дәурен Қосанов. Фото: ОКҚ

Осы кезеңде отандық оқ-дәрі өндірісін жолға қою жоспары да жарияланды. 2025 жылғы желтоқсанда ASPAN бағдарламасы аясында артиллериялық снарядтар мен миналар шығаратын алғашқы зауыттың құрылысы туралы хабарланды. Жоспар бойынша ASPAN-1 кәсіпорны снарядтар мен миналардың корпустарын шығарып, өндірісті 2027 жылы іске қосуы тиіс. Жоба аясында кеңестік калибрлермен бірге НАТО стандартындағы 155 миллиметрлік снарядтар өндірісі де көзделген. Бұл — өндіріс жоспары; 2025 жылы зауыт іске қосылған жоқ. Жобаның стандарттары туралы қоғамдық пікірталаста Қазақстанның НАТО-ға саяси-әскери бағытын өзгертпейтіні де атап өтілді.

2026 жылғы қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Тағы үш әскери қызметші құтқарылды. Оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасы ұсталғаны хабарланды. 27 қыркүйекте Қосанов қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Айдос Мырзахметов: жаңа министр

2026 жылғы 27 қыркүйектен бері

Айдос Мырзахметов 2026 жылғы 27 қыркүйекте Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Айдос Мырзахметов. Фото: Ақорда

Бұған дейін ол Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болған.

35 жылда не өзгерді

Дүниежүзілік банктің SIPRI деректеріне сүйенген қатарында Қазақстанның әскери шығынының ЖІӨ-дегі үлесі 2007 жылы 1,297%-ға жеткен. 2015 жылы бұл көрсеткіш 1,110%, 2020 жылы 0,907%, 2023 жылы 0,441%, 2024 жылы 0,428% болды. Бұл әскери шығынның экономикадағы салыстырмалы салмағы төмендегенін көрсетеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанның ЖІӨ көлемі 2024 жылы 136,6 трлн теңге, 2025 жылы 159,6 трлн теңге болды. Бұл сандар әскери шығынның экономика көлеміне қатынасын есептеуге мүмкіндік береді. Алайда министрлік бюджеті мен SIPRI-дің әскери шығын көрсеткіші есептеу аясы жағынан бірдей емес.

2025 жылдың 30 маусымында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» жеке заң қабылданды. Құжат аумақтық қорғанысты ұйымдастырудың, басқарудың және материалдық қамтамасыз етудің құқықтық негізін белгіледі. Бұл – әскери ұйымдастыру саласындағы маңызды заңнамалық өзгеріс. Тіпті бұл құжатты кейбір сарапшылар Украина тәжірибесінен алынған бетбұрыс деп бағалайды.

Back to top button