Павлодар мұнай-химия зауыты биылғы алғашқы жартыжылдықта 3,2 миллион тоннадан астам мұнай өңдеп, жоспарлы межеден асып түсті. Енді кәсіпорын отандық қысқы дизель өндірісін жолға қойып, жөндеуаралық кезеңді ұлғайтуды және жылдық қуатын 9 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мұнайдың алып колонналар мен реакторлардан өтіп, күнделікті қолданыстағы бензинге, дизель мен авиаотынға қалай айналатынын өндіріс аумағына кіргенде ғана шын мәнінде сезінесің. «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған баспасөз туры аясында Павлодарға арнайы барып, елдегі ең ірі әрі технологиялық тұрғыдан күрделі зауыттардың біріндегі өндіріс процесін Tizgin.kz тілшісі өз көзімен көріп қайтты.
Мұнайдың бензинге айналар жолы
Зауыт аумағына кірген сәттен-ақ өндірістің ауқымы байқалады. Бір-бірімен жалғасқан алып колонналар, биік пештер, реакторлар мен сансыз құбырлар сырт көзге тұтас металл қала секілді көрінеді. Алайда осы күрделі инженерлік жүйенің әр бөлшегі мұнай өңдеудің нақты бір кезеңіне жауап береді.

Алдымен зауыттың негізгі жолымен мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысына қарай бет алдық. Бұл – кәсіпорындағы басты технологиялық нысандардың бірі. Жылына 6 миллион тонна мұнай өңдеуге қауқарлы қондырғыда шикізаттың дайын өнімге айналар ұзақ жолы басталады.
Зауытқа Омбы–Павлодар магистральдық мұнай құбыры арқылы жеткізілетін Батыс Сібір мұнайы әуелі арнайы пештерде қыздырылады. Одан кейін жоғары температурадағы шикізат алып атмосфералық колоннаға жіберіледі. Колоннаның ішінде мұнай көмірсутек газы, бензин, керосин, дизель фракциясы және ауыр қалдық – мазут болып бөлінеді.
Кәсіпорын мамандары бұл үдерісті қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Мұнай құрамындағы әр фракцияның қайнау температурасы әртүрлі. Бір бөлігі 140-180 градус аралығында бөлінсе, келесі фракциялар 180-230 және 230-350 градус аралығында алынады. Ал 350 градустан жоғары температурада қайнайтын бөлік ауыр мұнай өнімдеріне жатады.
Атмосфералық колоннаның ішінде өндіріс мамандары «тарелкалар» деп атайтын арнайы контактілі құрылғылар орналасқан. Мұнай компоненттерінің температурасына қарай бір-бірінен ажырауы осы жерде жүреді. Сыртынан үнсіз тұрған алып металл конструкцияның ішінде үздіксіз физика-химиялық үдеріс өтіп жатады.
Бөлінген әр фракцияның ары қарайғы бағыты бөлек. Бензин фракциясы нафтаны гидротазарту қондырғысына жіберіледі. Керосин мен дизель де жеке тазарту кезеңдерінен өтеді. Ал мазут терең өңдеуге арналған келесі өндірістік кешенге бағытталады.
Гидротазарту – дайын өнім сапасын айқындайтын аса маңызды кезең. Оның барысында отын құрамындағы күкірт, азот және оттегі қосылыстары барынша азайтылады. Бастапқы мұнайдағы күкірт мөлшері шамамен 1,6 пайызды құраса, К-4 экологиялық класындағы дайын отында бұл көрсеткіш 50 ppm-нен аспауға тиіс.
Зауыттың бас директоры Маждай Ахметов мұнай өңдеу бір ғана қондырғымен шектелмейтінін атап өтті.

«Зауытта мұнайды бастапқы өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық технологиялық тізбек қалыптасқан. Әр фракция өзіне арналған қондырғыда қосымша өңдеу мен тазартудан өтеді. Біздің негізгі міндетіміз – өндіріс көлемін ғана емес, өнім сапасын да тұрақты қамтамасыз ету. Қондырғылардың сенімді жұмысы мен технологиялық тәртіптің сақталуы осы тұрғыдан аса маңызды. Түпкі нәтиже тұтынушыға жететін бензиннің, дизель мен авиаотынның сапасынан көрінеді», – деді кәсіпорын басшысы.
Өнім сапасы дайын жанармай зауыттан шығарылар кезде ғана тексерілмейді. Әр қондырғыдан алынған компонент міндетті зертханалық талдаудан өтеді. Кәсіпорын аумағында өнім мен оның құрамдас бөліктерін халықаралық SGS компаниясы да тексереді.
Зауыт қандай өнімдер шығарады
Павлодар мұнай-химия зауытында автомобиль және авиациялық бензин, дизель отыны, мазут, мұнай коксы, жол және құрылыс битумы, техникалық күкірт және басқа да мұнай өнімдері өндіріледі.
Атап айтқанда, кәсіпорын АИ-92-К4, АИ-95-К4, АИ-98-К4 маркалы автомобиль бензиндерін, РТ маркадағы авиациялық отынын, сондай-ақ әртүрлі маркадағы дизель отынын өндіреді. Одан бөлек Jet A-1 авиациялық отынын шығаруға қауқары бар. Енді бұл қатарға қысқы дизель қосылмақ.

Қысқы дизель: солтүстік өңірлер үшін маңызды жоба
Павлодар мұнай-химия зауыты 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 3,2 миллион тоннадан астам мұнай өңдеген. Бұл жоспарланған көлемнен 75 мың тоннаға көп. Осы кезеңде 3 миллион тонна тауарлық өнім шығарылып, жоспар 81 мың тоннаға артығымен орындалған.
Мұнай өңдеу тереңдігі 94,8 пайызға жетсе, жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 75,3 пайызды құрады. Зауыт 930 мың тонна автомобиль бензинін, шамамен 1,2 миллион тонна дизель отынын және 141,5 мың тонна авиаотын өндірген. Авиаотын көлемі жоспардан 15,5 мың тоннаға, ал дизель өндірісі 72 мың тоннаға артық болды.
Баспасөз туры кезінде дизель отынын гидротазарту қондырғысында жүріп жатқан реконструкция жұмыстарын көрдік. Технологиялық блоктарда құбырлар тартылып, кабельдер төселіп, жаңа жабдықтар мен өндірістік желілер монтаждалып жатыр.

Жоба толық аяқталғаннан кейін Павлодар зауыты төмен температураға төзімді қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік алады.
Кәсіпорын басшысынан Павлодарда өндірілген қысқы дизельді «Қазақстан осы қыста пайдалана ала ма» деп сұрадық. Маждай Ахметов зауыттың мұндай өнімді шығаруға дайындалып жатқанын айтты.
«Дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялау аяқталғаннан кейін қысқы дизель өндіруге мүмкіндік аламыз. Бұл өнім, ең алдымен, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне қажет. Өйткені төмен температура жағдайында қарапайым жазғы дизельдің қасиеті өзгереді. Жаңа технологиялық блок отынның аязға төзімді сипаттамаларын қамтамасыз етеді. Жоспарымыз бойынша, Павлодарда өндірілген отандық қысқы дизель осы қыста нарыққа шығарыла бастайды», – деді зауыт басшысы.

Битум өндірісі
Сонымен қатар зауыт битум өндірісінде де жоспардан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Бірінші жартыжылдыққа арналған жоспар 205,5 мың тонна болса, нақты өндіріс 235 мың тоннадан асқан. Кәсіпорынның жалпы мүмкіндігі тәулігіне 1 800 тонна, жылына 500 мың тоннаға дейін битум өндіруге жетеді.
ПМХЗ жол құрылысына арналған битумның екі маркасын және шатыр жабындарына пайдаланылатын БНК маркалы битум шығарады. Өткен жылы жоспарланған 366 мың тоннаның орнына 425 мың тонна өнім өндірілген. Биылғы ресми жоспар 385 мың тонна болғанымен, кәсіпорын жыл соңына дейін шамамен 415 мың тонна битум шығаруды болжап отыр.
Төрт жыл тоқтаусыз жұмыс істеудің дайындығы
Павлодар зауытының қазіргі жаңғырту бағдарламасы өнім көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Кәсіпорынның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жоспарлы жөндеулер арасындағы мерзімді ұзарту.
Қазір зауыттағы бірқатар нысан жыл сайын жөндеуге тоқтатылады. Биыл жөндеу жұмыстары 18 қыркүйек пен 17 қазан аралығына жоспарланған. Ал өндіріс көлемі мен ішкі нарықтағы жанармайға сұраныс артқан жағдайда бұл елдегі отын теңгеріміне әсер етуі мүмкін. Осы бағыттағы басты жобалардың бірі – «Senim-D». Бұл жоба мұнайды терең өңдеп, бензин мен дизель сияқты жеңіл мұнай өнімдерін көбірек шығаруға бағытталған. Қазір құрылыс пен құбырларды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

Маждай Ахметовтің айтуынша, тозған жабдықтар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Қолданыстағы қондырғыларды жаңғырту жұмыстарын 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Соның нәтижесінде зауыт үш жылдық жөндеуаралық кезеңге көшіп, мұнай өңдеу көлемін жылына 300 мың тоннаға арттыра алады.
«Біз жөндеуаралық кезеңді ұзартқымыз келеді. Сондықтан әрбір нысан бойынша жеке жоспар құрып, өндіріске өте қажетті құрал-жабдықтарды жаңартып жатырмыз. Кеңейту жобасы аясында мұндай мүмкіндік қарастырылып отыр. Алайда үш жылда бір рет емес, төрт жылда бір рет жөндеу жүргізу көзделеді», – деді ол.
Диспетчерлік пунктінің маңызы мен заманауи жабдықтар
Зауытта жұмысты жақсарту үшін заманауи цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект қолданыла бастаған. Олар құрал-жабдықтардың жағдайын үздіксіз бақылап, ақау шықпай тұрып, мәселелерді алдын ала болжайды.
Зауыттағы электр жүйесінің жұмысы да бір орталықтан басқарылады. 2014 жылы құрылған автоматтандырылған диспетчерлік пунктіде кәсіпорынның электр энергиясын тұтынуы мен желілердің жағдайы нақты уақыт режимінде бақыланады.

ПМХЗ электр энергиясын Павлодардағы үшінші жылу электр орталығынан алады. Кернеудің төмендеуі, желідегі ақау немесе басқа ауытқу болса, ақпарат диспетчерлік пунктке бірден түседі. Зауыт аумағындағы көптеген трансформаторлық қосалқы станция, жоғары кернеулі желі және шақырымдарға созылған кабель жүйесі үшін мұндай бақылаудың маңызы зор. Электр жүйесіндегі кез келген елеулі ақау мұнай өңдеу процесіне тікелей ықпал етуі мүмкін.
9 миллион тонна және 99 пайыздық тереңдік
Павлодар мұнай-химия зауытының ең ауқымды жоспары – жылдық мұнай өңдеу қуатын қазіргі 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту. Қазір жоба инженерлік-экономикалық талдау кезеңіне өткен. Жобаны созбай, уақытты үнемдеу үшін зауыт барлық құжаттаманы бірге әзірлеп жатыр.
Зауытты аралаған кезде болашақта жаңа технологиялық нысандар салынатын алаңды да көрдік. Мұнда сегіз нысан бой көтереді. Олардың қатарында мұнайды бастапқы өңдейтін АВТ-3 қондырғысы, нафтаны гидротазарту кешені, жоғары октанды бензин өндіретін каталитикалық риформинг, сондай-ақ сутегі мен күкірт өндіретін жаңа қондырғылар бар.
Жобаның ең маңызды бөлігі – Қазақстанда әзірге баламасы жоқ гидрокрекинг қондырғысының құрылысы. Ол ауыр мұнай фракцияларын терең өңдеп, дизель және авиациялық отын өндірісін көбейтуге жол ашады.
«Зауыттың қуатын 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту – жай ғана қосымша мұнай өңдеу емес, өндірістің технологиялық құрылымын өзгерту деген сөз. Біз мұнай өңдеу тереңдігін 99 пайызға, ал жеңіл мұнай өнімдерінің үлесін 85 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жаңа кешенде Қазақстанда әзірге баламасы жоқ гидрокрекинг қондырғысы қарастырылған. Ол ауыр фракцияларды нарықта сұранысқа ие дизель мен авиаотынға айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Маждай Ахметов.
Ахметовтің сөзінше, кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін Павлодар мұнай-химия зауыты Еуро-5 сапа стандартына сәйкес келетін мотор отындарын шығарады және «қажеттілік болмаса», мазут өндіруден толық бас тартады. Сонымен бірге кәсіпорын 2031 жылға қарай экологиялық талаптар қатаңдап, Еуро-6 деңгейіндегі стандарттар енгізілуі мүмкін екенін де ескеріп отыр. Сондықтан жобалау кезінде өнім сапасына қосымша технологиялық қор қарастырылмақ.
Бұған дейін, 2024 жылы кәсіпорында сұйытылған мұнай газын тазартатын жаңа технологиялық қондырғы іске қосылды. Ол газ құрамындағы меркаптан күкіртін азайтып, өнімнің сапалық сипаттамаларын жақсартты. Биылғы алғашқы жартыжылдықта зауыт 163 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіріп, жоспарды 20 мың тоннаға артығымен орындаған.

Павлодар мұнай-химия зауытының бастапқы технологиялық құрылымы Батыс Сібір мұнайын өңдеуге бейімделген еді. Содан бері кәсіпорын бірнеше ірі жаңғырту кезеңінен өтті. Бүгінде Axens, Haldor Topsoe, UOP және Shell секілді халықаралық компаниялардың технологиялары қолданылатын кешен елдегі ең ірі өндіріс орындарының біріне айналған.
Зауыт 1978 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мұнда 2 525 адам еңбек етеді. Нельсон индексі – 10,5. Бұл көрсеткіш кәсіпорындағы технологиялық процестердің күрделілік деңгейін сипаттайды.
Зауыт аумағынан шыққан кезде мұнай өңдеудің біртұтас өндіріс емес, өзара тығыз байланысқан ондаған технологиялық кезең екенін анық түсінесің. Жанармай құю бекетінде санаулы минутта құйылатын бензин мен дизельдің артында жоғары температура, химиялық реакциялар, зертханалық бақылау және мыңдаған маманның еңбегі тұр.
Павлодар зауытының алдағы межесі де айқын: отандық қысқы дизель өндірісін іске қосу, жөндеуаралық кезеңді ұлғайту, мұнай өңдеу қуатын 9 миллион тоннаға жеткізу және шикізаттың 99 пайызын терең өңдеу. Бұл жоспарлар толық жүзеге асса, кәсіпорынның қуаты ғана емес, Қазақстанның ішкі нарықты сапалы жанармаймен қамтамасыз ету мүмкіндігі де едәуір арта түспек.