TOP-1Сараптама

Қазақстанның жаһандық бастамасы Аралға нe бeрді

Арал мәселесі бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның экологиялық қауіпсіздігіне әсер ететін түйткілдердің бірі болып тұр. Соңғы жарты ғасырда теңіздің көлемі шамамен 10 есе қысқарып, бұрынғы біртұтас су айдыны бірнеше бөлікке бөлінгeн. Tizgin.kz бұл мақалада Арал теңізі мәселесін қаузады.

Қазір құрғаған теңіз табанының аумағы 5,4 млн гектардан асады, оның 2 млн гектары Қазақстан аумағында жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, теңіз табанында 107-114 млрд тонна тұз шоғырланған. Жыл сайын 80 млн тоннаға жуық тұзды шаң дауылдар арқылы мыңдаған шақырымға таралып, адам денсаулығына, ауыл шаруашылығына және экожүйелерге кері әсерін тигізіп жатыр. Осындай ортақ сын-қатерлер 1993 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің Аралды құтқару халықаралық қорын (IFAS) құруына негіз болды. Қазақстанның бастамасымен құрылған бұл қор өңірдегі ең ұзақ жұмыс істеп келе жатқан экологиялық ынтымақтастық алаңдарының біріне айналды.

1990 жылдың 23 маусымында Алматыда Орталық Азия елдерінің басшылары алғаш рет Арал апатын бірлесіп шешу туралы үндеу жасап, мемлекетаралық комиссия мен Арал өңіріне көмек қорын құруға келісті. Кейін, 1993 жылғы 26 наурызда Қызылордада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары Арал теңізі мәселесін бірлесіп шешу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойып, Аралды құтқару халықаралық қорының (IFAS) қызметіне құқықтық негіз қалады.

Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде жүзеге асқан ірі экологиялық бастамаларының бірі болды. Кеңес Одағы ыдыраған тұста Арал апаты бірнеше мемлекетті қамтыған ортақ мәселеге айналды. Су ресурстарының азаюы, топырақтың тұздануы, шөлейттену және халық денсаулығының нашарлауы бір елдің күшімен шешілмейтін түйткіл екені белгілі eді.

Қордың міндетіне бірлескен экологиялық жобаларды қаржыландыру, су ресурстарын тиімді басқару, өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және мемлекеттердің іс-қимылын үйлестіру кірді. Бүгінде IFAS – Орталық Азиядағы ең ұзақ жұмыс істеп келе жатқан өңірлік экологиялық ұйымдардың бірі.

Уақыт өте келе қордың қызметі халықаралық деңгейде де мойындала бастады. 2008 жылы IFAS БҰҰ Бас Ассамблеясының бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл ұйымға БҰҰ алаңында сөз сөйлеуге, халықаралық ұйымдармен және донор елдермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Кейін Арал мәселесі жаһандық экологиялық күн тәртібінің тұрақты тақырыбына да айналды.
2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Өзбекстанның бастамасымен Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялаған қарар қабылдады. Қазақстан бұл бастаманы қолдап, өңірдегі су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі және экожүйелерді қалпына келтіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастырып келеді.
Қазақстан Арал мәселесін қазір дe халықаралық деңгейде ілгерілетіп отыр.

2025 жылы Қазақстан төрағалығы кезінде IFAS басқармасы 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі күні ретінде белгілеу бастамасын қолдап, бұл мәселені мемлекет басшыларының қарауына шығарды. Мақсат – Арал проблемасын халықаралық қоғамдастықтың назарында ұстап, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен өңірлік ынтымақтастықтың маңызын жаһандық деңгейде алға жылжытып жүр.
Осылайша, Қазақстанның Арал жөніндегі бастамасы өңірлік экологиялық проблеманы халықаралық дипломатияның тұрақты бағытына айналдыра алды.

Бүгінде бұл мәселе БҰҰ, халықаралық қаржы институттары мен донор мемлекеттердің қатысуымен жүзеге асырылатын ұзақ мерзімді бағдарламалар арқылы шешіліп келеді. Осыны арқасында өңірге миллиардтаған доллар инвестиция тартылды. Дүниежүзілік банк, Жаһандық экологиялық қор (GEF), Азия даму банкі, Еуропалық одақ, БҰҰ агенттіктері және басқа да халықаралық серіктестер Арал бассейнін қалпына келтіру, су ресурстарын басқару және климатқа бейімделу жобаларын қаржыландырып келеді. Тек Дүниежүзілік банктің өзі Қазақстандағы Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасына 64,5 млн доллар, ал Орталық Азиядағы Арал бассейнінің климатқа бейімделу бағдарламасына бастапқы кезеңде 38 млн доллар бөлді. Кейін бұл бағдарлама 19 млн долларлық Жасыл климат қорының грантымен толықтырылып, оның жалпы құны 68,8 млн долларға жетті.

Арал мәселесі бүгінде экология шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен. Экономика ғылымдарының докторы Толонбек Абдыровтың айтуынша, бұл – Орталық Азияның орнықты дамуына тікелей әсер ететін өңірлік қауіпсіздік мәселесі.

”Бүгінде бұл тек экологиялық проблема емес. Ол экономиканы, азық-түлік қауіпсіздігін, халықтың денсаулығын және тұтас өңірдің тұрақтылығын қамтиды. Сондықтан су ресурстарын басқару мәселесінде мемлекеттердің өзара іс-қимылы шешуші мәнге ие, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, соңғы жылдары өңір елдері Арал мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтіп, Аралды құтқару халықаралық қоры, БҰҰ, Дүниежүзілік банк және басқа халықаралық ұйымдардың қолдауымен бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Дегенмен су ресурстарын пайдалану мәселесінде әр мемлекеттің ұлттық мүддесі әртүрлі болғандықтан, энергетика мен ауыл шаруашылығы арасындағы теңгерімді табу әлі де басты міндеттердің бірі болып отыр.

Back to top button