TOP-2СараптамаЭкономика

Қазақстанның ішкі қарызы артып, сыртқы қарызы азая бастады

Үкіметтің борышы үлкейе түсті

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның мемлекеттік борышы ұлғайғанымен, оның құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалды. Нақтырақ айтсақ, ішкі борыш 2,33 трлн теңгеге ұлғайса, сыртқы борыш 346 млрд теңгеге қысқарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтарда мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың жалпы көлемі 36,44 трлн теңге болса, 1 шілдеге қарай бұл көрсеткіш 38,50 трлн теңгеге жетті. Алты айдағы өсім 2,05 трлн теңгені немесе 5,6%.

Өсімнің басым бөлігі Үкімет борышының ұлғаюымен байланысты. Жарты жылдың ішінде Үкіметтің борышы 34,85 трлн теңгеден 36,82 трлн теңгеге дейін көбейіп, 1,98 трлн теңгеге артты. Ал жергілікті атқарушы органдардың борышы 1,58 трлн теңгеден 1,68 трлн теңгеге дейін өсіп, 97,6 млрд теңгеге көбейді. Ұлттық банктің борышы өзгеріссіз қалып, 11,3 млрд теңге деңгейінде сақталды.

Борыш құрылымындағы ең маңызды өзгеріс ішкі және сыртқы міндеттемелердің арақатынасынан байқалады. 2026 жылдың басында Үкіметтің ішкі борышы 26,15 трлн теңге болса, жарты жыл ішінде 28,47 трлн теңгеге дейін өсті. Осылайша ішкі нарықтағы қарыз көлемі 2,33 трлн теңгеге немесе шамамен 8,9% артты.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Ал сыртқы борыш сәл де болса кеміген. Жыл басындағы 8,7 трлн теңге 1 шілдеде 8,35 трлн теңгеге дейін азайды. Алты ай ішінде сыртқы міндеттемелер көлемі 346 млрд теңгеге немесе шамамен 4% қысқарған. Соның нәтижесінде Үкімет борышының құрылымында ішкі қаржыландырудың үлесі артып, сыртқы қарыздың салмағы төмендей түсті.

Квазимемлекеттік сектордың қарызы қаншаға өсті

Мемлекет кепілдік берген борыш көлемі 2026 жылдың1 қаңтарында 2,29 трлн теңге болса, жарты жылдан кейін 2,41 трлн теңгеге жетті. Өсім 121,5 млрд теңге немесе 5,3% деген сөз.

1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың шамамен 96%-ы Үкіметтің міндеттемелеріне тиесілі. Жергілікті атқарушы органдардың үлесі 4%-дан сәл асады, ал Ұлттық банктің борышы жалпы көлемнің өте аз бөлігін ғана алып тұр.

Жарты жылдағы динамика мемлекет жаңа міндеттемелерді негізінен ішкі қаржы нарығынан тартқанын көрсетеді. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру көлемінің артуымен қатар жүріп, сыртқы қарыздың бір бөлігін қысқартуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде мемлекеттік борыштың жалпы көлемі өскенімен, оның құрылымы өзгеріп келеді: ішкі қарыздың рөлі күшейіп, сыртқы қаржыландыруға тәуелділік біртіндеп төмендеп жатыр. Бұл үрдіс борыш портфелінің валюталық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Сыртқы қарыздың қысқаруы айырбас бағамының өзгерісіне тәуелділікті азайтса, ішкі қарыздың ұлғаюы мемлекетке қаржыландыруды ұлттық нарық арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дегенмен мемлекеттік борыштың абсолют көлемі өсуін тоқтатқан жоқ. Жарты жылдың өзінде оның көлемі 2 трлн теңгеден астамға ұлғайып, 38,5 трлн теңгеден асты.

ТОП-5 қарыз беруші кімдер

Сыртқы борыштың ең ірі бөлігі еурооблигацияларға келеді. 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың көлемі 4,82 трлн теңге.

Екінші орында Дүниежүзілік банктің Халықаралық қайта құру және даму банкі – 1,66 трлн теңге. Үшінші орында Азия даму банкі – 638,3 млрд теңге. Одан кейін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне 367,8 млрд теңге және Ресей нарығында орналастырылған мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша 312 млрд теңге берешек бар. Бұдан бөлек, Үкіметтің панда-облигациялар бойынша 243,1 млрд теңге, Қытайдың Экспорт-импорт банкіне 115,2 млрд теңге, шетел коммерциялық банктеріне 97,2 млрд теңге, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігіне (JICA) 55,5 млрд теңге, Еуропа қайта құру және даму банкіне 27,5 млрд теңге, Ислам даму банкіне 21,1 млрд теңге және Германия Үкіметінің кредит агенттігіне 2,2 млрд теңге қарызы бар.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Ішкі борыштың басым бөлігі ұзақ мерзімді мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерге тиесілі. Бұл құрал арқылы тартылған қаражат 24,37 трлн теңгеге жеткен. Кейінгі орындарда орта мерзімді мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер – 1,88 трлн теңге, TONIA мөлшерлемесіне индекстелген мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер – 945 млрд теңге, ұзақ мерзімді жинақ қазынашылық міндеттемелері – 490,1 млрд теңге және TONIA TCI индексіне индекстелген мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер – 318 млрд теңге тұр. Сонымен қатар қысқа мерзімді мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер бойынша берешек 246,5 млрд теңге, ұзақ мерзімді индекстелген қазынашылық міндеттемелер бойынша 222,5 млрд теңге, ал өзге міндеттемелер көлемі 2 млрд теңге.

Back to top button