Қазақстанның ірі банктері кибершабуылға қаншалықты дайын екенін тексеріледі
2027 жылы Қазақстанда ірі банктердің кибершабуылға төтеп беру қабілетін бағалайтын ауқымды кибероқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Оған банк секторы активтерінің шамамен 90%-ын иеленетін банктер қатысады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz агенттікке сілтеме жасап.
Банктердің қорғанысы мен жұмысын қалпына келтіру қабілеті бағаланады
Тимур Әбілқасымов Астанада өткен KazHackStan 2026 халықаралық практикалық конференциясында банктердің киберқауіпке дайындығын бағалау тәсілдері туралы айтты. Ол жасанды интеллектінің алаяқтар мен оларға қарсы күресетін мамандардың жұмысын қалай өзгертіп жатқанына арналған панельдік сессияға қатысты.
Агенттік кибероқу-жаттығудың пилоттық кезеңін өткізген. Оның барысында банктердің кибершабуылға қарсы тұру мүмкіндігімен қатар, ықтимал оқиғадан кейін ақпараттық жүйелердің жұмысын жедел қалпына келтіруге дайындығы тексерілген.
Келесі жылы бұл жұмысты ауқымды түрде жүргізу көзделіп отыр.
«Келесі жылы қадағалау шарасы ретінде ауқымды кибероқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Оған банк секторы активтерінің шамамен 90%-ын иеленетін ірі банктер қатысады», – деді Тимур Әбілқасымов.
Банк мамандары мен басқару жүйесі де назарда
Агенттік банктердің киберқауіпсіздігін бағалауда корпоративтік басқаруға да мән береді. Атап айтқанда, олардың ресурстары, мамандар құрамы, командалардың жасақталу деңгейі және жұмыс процестерінің қалай ұйымдастырылғаны қаралады.
Әбілқасымовтың айтуынша, қаржы нарығына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жағдайында қадағалау бағалауы осы басқару тетіктерін және ауқымды кибероқу-жаттығуларды қамтиды.
Сессияда қатысушылар жасанды интеллектіні қолдану, киберқауіптер мен алаяқтықтың жаңа түрлері, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылым мен қаржы секторын қорғау мәселелерін талқылады.
Конференцияны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы ұйымдастырған. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, банктердің, технологиялық компаниялардың, ұлттық және халықаралық компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметтерінің өкілдері, әзірлеушілер мен сарапшылар қатысты.